
ЕҰУ-да 1С Қазақстанның алғашқы R&D орталығы ашылды
Еуразия ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінде 1С Қазақстанның алғашқы R&D орталығы ашылды. Бұл орталық университет, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және «1С Қазақстан» компаниясы арасындағы меморандум негізінде құрылды. Ашылуы университеттің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Орталықта IT саласының мамандарын даярлау, жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып экономика мен бизнеске қатысты ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын іске қосу, біліктілікті арттыру курстарын, тәжірибелік семинарлар мен менторлық сессияларды ұйымдастыру жоспарлануда.
Бұл жерде студенттер заманауи жабдықтарда білімдерін іс жүзінде қолдануға, технологиялық стартаптарға қолдау табады. Ал компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар қолданбалы шешімдерді жылдам енгізе алады.
Алдағы айларда орталық біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске қосып, студенттік жобалық топтардың қабылдауын бастайды. Сонымен қатар өндіріс орындары және мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп пилоттық зерттеулер жүргізеді.
Ашылу салтанатына ЕНУ оқытушылары мен студенттері, «1С Қазақстан» компаниясының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық ЖОО ректорлары қатысты.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың академиялық даму жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай 1С Қазақстанның R&D орталығы инновациялар, шешімдер мен стартаптар жүзеге асатын орын болатынын атап өтті:
«R&D орталық – бизнес, университет және жастардың ортақ іске бірігетін экожүйесін қалыптастырады. Ол студенттерге алғашқы қадамдарынан бастап нақты цифрлық экономикаға енуге мүмкіндік береді. Студенттер бірлескен жобаларға қатысып, стартаптар әзірлеп, идеяларын нарыққа шығара алады. Осы арқылы біз университеттің елдегі инновациялардың қозғаушы күші ретіндегі рөлін күшейтеміз. Ең бастысы – біздің 1С Қазақстанмен әріптестігіміз тек жекелеген курстармен шектелмейді. Бұл – стратегиялық серіктестік», – деді Ардақ Бейсенбай.
«1С Қазақстан» оқу орталығының жетекшісі Галия Керейбаева компанияда Еуразия ұлттық университетінің түлектері табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті. Ол орталықтың маңыздылығына да тоқталды:
«R&D орталық – студенттердің білімдері мен жобаларын қазақстандық нарыққа ұсыну жолындағы қадам. Біз бұл жобалардың сұранысқа ие болатынына сенеміз. Бизнес тұрғысынан алғанда, біз бұл іске ерекше қызығушылық танытамыз. Біздің мамандар мен сарапшылар студенттерге кеңес беріп, әдістемелік қолдау көрсетеді. Алдымызда үлкен жобалар күтіп тұр», – деді ол.
Галия Керейбаева атап өткендей, Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен компания арасындағы меморандум аясында «1С Қазақстан» ұйымы университеттерге көмек көрсетуге, оқу сыныптарын ашуға, оқытушылардың біліктілігін арттыруға, заманауи оқу техникасын ұсынуға дайын.
ЕНУ-дің 30 жылдық мерейтойына орай және меморандум шеңберінде «1С Қазақстан» компаниясы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Шахмаран Сейіловке факультеттің оқу үдерісінде қолдану үшін 15 компьютерге арналған сертификат табыстады.
«Бұл — біздің факультет үшін өте маңызды оқиға. 1С аудиториясы мен компьютерлік сыныбының ашылуы студенттерге теориялық біліммен қатар, оны бірден тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік береді. Бұл мен үшін өз идеяларымды дамытуға және болашақ кәсіби қызметіме дайындалуға зор мүмкіндік», — деп бөлісті Ақпараттық технологиялар факультетінің 3-курс студенті Ержан Аширбек.
Іс-шара аясында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Alikhan Bokeikhan University және «Қарағанды индустриялық университеті» КЕАҚ «ИнфоСофтПром» ЖШС-мен (1С Қазақстан) бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын іске асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
