
ЕҰУ мен Cormack Consultancy Group халықаралық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін белгіледі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жоғары білім саласындағы жетекші халықаралық консалтингтік компания – Cormack Consultancy Group (CCG) басшылығымен стратегиялық кездесу өтті. Тараптар әріптестікті нығайтудың негізгі бағыттарын талқылап, университеттің интернационалдандыру және ғылыми әлеуетін дамыту бойынша нақты қадамдарды белгіледі.
ЕҰУ делегациясын Директорлар кеңесінің мүшесі Айдын Абай мен Басқарма мүшесі – Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов басқарды. Cormack Consultancy Group тарапынан кездесуге Орталық және Шығыс Еуропа бойынша директоры Гинтарас Степонавичюс пен компанияның Орталық Азиядағы өкілі Ербол Сүлейменов қатысты.
Кездесу барысында проректор Думан Айтмағамбетов ЕҰУ-дың зерттеу университеті мәртебесіндегі дамуының негізгі басымдықтарын таныстырды. Ол университеттің халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, жетекші шетелдік университеттермен қос диплом бағдарламаларын дамытуға және «ENU-град» кампусы жобасында «Эни» компаниясымен табысты ынтымақтастық үлгісінде индустриялық әріптестерді тартуға ұмтылысын атап өтті.
Өз кезегінде, Гинтарас Степонавичюс Cormack Consultancy Group-тың академиялық және ғылыми әріптестік орнатудағы бай тәжірибесі туралы айтып берді. Компания Ұлыбритания мен Канаданың 100-ден астам университеттерімен, соның ішінде беделді Russel Group құрамына кіретін жоғары оқу орындарымен жұмыс істейді және Орталық Азияда британдық университеттердің филиалдарын ашуға табысты ықпал еткен.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға келісті: Қос диплом бағдарламаларын әзірлеу, бірлескен ғылыми зерттеулер, кадрлардың әлеуетін арттыру және т.б.
Бұл кездесу ЕҰУ-ды әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналдыру және оның жаһандық білім беру мен ғылыми кеңістікке интеграциялану жолындағы маңызды қадам болды.
Cormack Consultancy Group 25 жылдан астам уақыттан бері академиялық әріптестік құруға маманданып, әлемнің 70 еліндегі 1100-ден астам ұйыммен ынтымақтастық орнатқан. Компания университеттерге халықаралық қызметін әртараптандыруға көмектесіп, әлеуетті арттыру жобаларына бастамашылық жасайды және кадрларды іріктеу, зерттеулер мен коммерцияландыру саласында инновациялық шешімдерді дамытуға ықпал етеді.
