
ЕҰУ профессорлары Париждегі славяндар Конгресіне баяндамалар ұсынды













ЕҰУ профессорлары Қазақстандық Ұлттық славистер комитетінің құрамында Париж қаласындағы (Франция) Сорбонна университетінде өткен XVII халықаралық (Төтенше) славистер конгресіне қатысты.
Оған 43 елден 850-ге жуық славян тілдерін меңгерген мамандар қатысты. Ұйымдастыру комитетіне Сорбонна университетінің өкілі, Халықаралық славистер комитетінің қазіргі президенті Наталия Берницкая төрағалық етті. Конгресс бес жылда бір рет өткізіледі. Пленарлық және секциялық отырыстарда заманауи ғылымдағы кең ауқымды мәселелер талқыланды: славян тілдері мен мәдениеттерінің тарихы мен теориясы, мәдениеттер диалогы, тіл саясаты, Шығыс пен Батыс байланысы, ұлттық әдебиеттер тарихының деконструкциясы, деканонизациясы мен реконструкциясы.
Конгресс қатысушылары ұлттық славистер комитеттерінің төрағалары арқылы қалыптасады. Қазақстан ұлттық комитетін Қазақстандағы социолингвистикалық мектептің негізін қалаушы, Қазақстандағы орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығының Құрметті президенті, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Э.Сүлейменова (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) басқарады.
Қазақстан делегациясы құрамына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары болды: филология ғылымдарының докторы, профессор Н. Шаймерденова – Қазақстандағы көптеген ғалымдардың, соның ішінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдарының ғылыми жетекшісі және кеңесшісі; PhD докторы, қауымдастырылған профессор М.Аймағамбетова – Қазақстандағы орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығының президенті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетел тілдері және аударма кафедрасының меңгерушісі; сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының докторы К. Уразаева.
Қазақстандық ғалымдардың баяндамалары қатысушылардың қызығушылығын тудырды, оның ішінде: «Қазіргі Қазақстандағы тілдік процестер мен тіл саясаты» (Э. Сүлейменова); «XI–XVII ғасырлардағы жазба ескерткіштердегі глоссалар тілдер өзара ықпалының көрсеткіші ретінде» (Н. Шаймерденова); «Қазақстанның орыс тіліндегі газеттері тақырыптарындағы трансформацияланған фразеологиялық бірліктер» (М. Аймағамбетова); К. Уразаеваның баяндамасы XIX ғасырдағы орыс әдебиеті тұжырымдамасын қайта құрылымдау мәселелеріне арналды.
Конгресс ғаламдану мен қазіргі заман сын-қатерлері жағдайында тілдер мен халықтар мәдениеттерінің дамуындағы өзара ықпал мен байланыстарды, олардың әлемдік өркениеттегі орнын талқылайтын ашық ғылыми алаңға айналды.
