
ЕҰУ-ға Ресей Үкіметі Төрағасының орынбасары келді

ЕҰУ базасындағы ММУ мен ММХҚИ филиалдарын РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары Дмитрий Чернышенко және РФ Ғылым және жоғары білім вице-министрі Константин Могилевский аралады.
Қонақтар филиалдардың қызметімен танысып, студенттер мен оқытушылармен кездесті.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ММУ-дың қазақстандық филиалының директоры Александр Сидорович, проректорлар, оқытушылар, ғалымдар мен студенттер қатысты.
«Биыл ММХҚИ филиалы алғаш рет жүз студент қабылдады. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық. Барлықтарыңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Қазақстан Республикасының Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Олар бізге білім алу процесінде бірлесе жұмыс істеуге және елдеріміздің болашағын бірге қалыптастыруға жағдай жасап отыр. Мұның бәрі біздің бауырластық, достық қарым-қатынасымызды сақтау үшін жасалуда. Сіздер – болашақ ғалымдар, дипломаттар, мемлекеттік қызметкерлер мен басшыларсыздар. Сол себепті бұл жолға үлкен жауапкершілікпен қарауларыңыз қажет», – деді Дмитрий Чернышенко.
Спикер екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтіп, білім және ғылым саласындағы бастамаларға назар аударды.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық жөнінде айтты.
«Қазақстандық жоғары оқу орындары Ресейдің университеттерімен 1400-ден астам бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Сондай-ақ елімізде ресейлік университеттердің филиалдарын ашу ісі жүргізілуде. Бүгінгі күні 8 филиал өз жұмысын атқаруда», – деп атап өтті вице-министр.
ММУ-дың қазақстандық филиалының директоры Александр Сидорович филиалдың құрылу тарихына тоқталып, міндеттері мен жоспарлары туралы баяндады.
Сондай-ақ Дмитрий Чернышенко студенттердің сұрақтарына жауап беріп, оқытушылардың пікірлерін тыңдады.
ММУ-дың Қазақстандағы филиалы 2001 жылдан бері Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісім негізінде жұмыс істейді. Мұнда математика, экология, экономика, филология және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша мамандар даярланады.
