
Корея Республикасы Елшілігінің жанындағы Білім орталығы делегациясының Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ресми сапары

2025 жылғы 11 қыркүйекте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі жанындағы Білім орталығы делегациясының ресми сапары өтті. Іс-шара екі ел жоғары оқу орындары арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту және корейтану саласындағы білім беру бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Корея Республикасы Елшілігінің жанындағы Білім орталығы делегациясының құрамы: Ким Хонгхван – Корея Республикасы Елшілігі жанындағы Білім орталығының директоры; Ли Тэгонг – Білім орталығы директорының орынбасары; Шин Мин Гёнг – Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің өкілі; Ли Хаёнг – корей тілі оқытушысы.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарапынан кездесуге қатысқандар: Айтмагамбетов Думан Рамазанович – Басқарма мүшесі, стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор; Купаева Айсулу Корабековна – Халықаралық қатынастар факультетінің декан м.а.; Биримкулова Гульнара Усербаевна – Шығыстану кафедрасының меңгерушісі; Кияшева Алтын Куанышевна – сектор сарапшысы; Абжаппарова Бибихадиша Журсиновна Шығыстану кафедрасының доценті; Кабирова Айнура Жановна – Шығыстану кафедрасының оқытушысы.
Кездесудің негізгі тақырыбы академиялық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты өзектендіру мен дамыту мәселелеріне арналды. Тараптар академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, ЕҰУ-ға корей тілінен дәріс оқитын шетелдік профессорларды шақырту, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар мен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Корея Республикасының жетекші жоғары оқу орындарымен тұрақты әріптестік байланыстар орнатқан. Қазіргі уақытта университет Йонсей университеті, Сеул ұлттық ғылым және технология университеті, Корея университеті (Корё), Седжонг университеті, Хангук шетел тілдері университеті және басқа да жетекші оқу және ғылыми мекемелермен 20-дан астам ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойған.
2022 жылдан бері халықаралық ынтымақтастық аясында ЕҰУ-да Данкук университеті мен Халықаралық интеллектіні дамыту орталығының (IMEI) мамандары дәріс оқыды, сондай-ақ қазақстандық докторанттарға ғылыми кеңесшілер ретінде Кореяның жетекші университеттері мен зерттеу институттарының ғалымдары тартылды. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап 64 ЕҰУ студенті Корея Республикасында білім алып, өз кезегінде университет 14 корейлік студентті қабылдады.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде корей тілін оқыту айрықша мәнге ие. 2023 жылдан бастап ЕҰУ Шығыстану кафедрасы Корея Республикасы Елшілігінің жанындағы Білім орталығымен корей тілін тікелей тіл тасымалдаушы арқылы оқыту бағытында жұмыс істеп келеді. Қазіргі оқу жылында бұл міндетті Ли Хаён атқарып отыр. Бағдарлама аясында халықаралық қатынастар факультеті, шығыстану кафедрасында корей тілін 55-тен астам студент меңгеруде, ал оны екінші шет тілі ретінде оқитындардың жалпы саны 70-тен асады.
Ынтымақтастықтың дамуына жаңа серпін берген маңызды кезеңдердің бірі 2025 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Корея Республикасының Кёнги провинциясы Білім басқармасы және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ арасында үшжақты Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды. Құжат Кореяның жоғарғы сынып оқушыларына арналған шетелдік тағылымдама бағдарламасын жүзеге асыруды қарастырады. 2025 жылғы шілдеде университет алғаш рет осы бастама аясында сегіз оқушыдан құралған топты қабылдады.
Корея Республикасы Елшілігінің жанындағы Білім орталығы делегациясының сапары екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін тағы бір мәрте айқындап, білім беру және ғылым саласындағы жаңа бастамаларға серпін берді.
