
ЕҰУ-да «ЕНУград» жобасын іске асырудың негізгі аспектілері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің көлік-энергетика факультетінде факультет деканы Өміржан Қокаевтың төрағалығымен кафедра меңгерушілерінің қатысуымен кездесу өтті. Жиынға сондай-ақ басқарма төрағасының - ректордың құрылыс мәселелері жөніндегі кеңесшісі Қайсар Саябаев және оның тобы қатысты.
Кеңес барысында «ЕНУград» жобасын іске асырудың негізгі аспектілері талқыланды. Атап айтқанда, оқу және зерттеу инфрақұрылымына қатысты мәселелер, факультеттерді кампустық дамудың бірыңғай тұжырымдамасына кіріктіру, сондай-ақ оқытушылар мен студенттердің университеттің болашақ экожүйесімен өзара іс-қимыл тетіктері қаралды. Қатысушылар профессор-оқытушылар құрамын ұсыныстар әзірлеу мен жобаны іске асыру механизмдеріне жүйелі түрде тартудың маңыздылығын атап өтті. Жиын ашық диалог пен конструктивті ұсыныстар әзірлеудің алаңы болды, олар «ЕНУград» жобасын ілгерілету барысында ескерілетін болады.
Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қокаев атап өтті:
«ЕНУград» жобасы – университеттің болашақтағы дамуын айқындайтын стратегиялық бастама. Біздің факультет үшін бұл жобаның оқу процесіне, зертханалар мен ғылыми базаның дамуына қалай әсер ететінін жан-жақты қарастыру маңызды. Барлық кафедралардың ұсыныстар мен бастамаларды қалыптастыруға белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Университет студенттер мен оқытушылар үшін жайлы әрі заманауи кеңістік болып қалуына ерекше назар аудару қажет».
Аталған кеңес университеттің техникалық факультеттерімен «ЕНУград» жобасын талқылауға арналған кездесулер сериясының кезекті басқосуына айналды. Мұндай диалог форматы әрбір бағыттың ерекшеліктерін ескеруге және келісілген ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік беретіндіктен, айрықша мәнге ие. Негізгі назар ғылыми және инновациялық қызметті дамытуға, сондай-ақ күрделі технологиялық міндеттерді шеше алатын бәсекеге қабілетті техникалық кадрларды даярлауға аударылып отыр.
Осы тұрғыда ЕҰУ елорда мен елдің инновациялық экономикасы үшін мамандарды даярлаудағы негізгі драйверлердің бірі бола алады.
Басқарма төрағасының – ректордың құрылыс мәселелері жөніндегі кеңесшісі Қайсар Саябаев атап өтті:
«ЕНУград» жобасы заманауи инфрақұрылымы бар инновациялық кампус құруға бағытталған. Оның сәтті жүзеге асуы әкімшілік, оқытушылар мен студенттердің тиімді өзара іс-қимылына тікелей байланысты. Жоба аясында әр факультет өз ұсыныстарын енгізіп, басым қажеттіліктерін білдіре алатын кезеңдер қарастырылған. Біздің үшін факультеттің инфрақұрылымдық және білім беру қажеттіліктері бойынша бірыңғай ұстаным қалыптастыру өте маңызды, олар жалпы тұжырымдамада ескерілетін болады. Жоба ректор Ерлан Батташұлы Сыдықовтың төрағалығымен жүзеге асырылып жатыр және университеттің болашақ студенттері үшін үлкен маңызға ие, сапалы білім алуға және жан-жақты дамуға жағдай жасайды».
