
Халықаралық әріптестік: шетел филологиясы кафедрасына жаңа DAAD лекторы келді

Л.Н. Гумилев ат. Еуразия Ұлттық университеті Филология факультетінің Шетел филологиясы кафедрасы «Шетел тілі: екі шетел тілі (неміс тілі)» мамандығы бойынша Германияның Академиялық Алмасу Қызметінің (DAAD) қолдауымен жаңа халықаралық ынтымақтастық бастамасын жүзеге асыруда.
ДААД шетелдік жоғары оқу орындарының сұранысы бойынша неміс тілі, әдебиеті және елтану пәндері бойынша әлемнің әртүрлі елдеріне лекторлар жібереді. Лекторлыққа үміткерлер Германия университеттерінің өкілдерінен құралған тәуелсіз комиссияның шешімі негізінде іріктеледі. Бұл үдеріс мамандардың кәсіби біліктілігі мен өңірлік білім беру талаптарына сай жүргізіледі.
2025 жылғы 10 наурызда ДААД-тың Солтүстік және Шығыс Еуропа елдері, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ аймақтарына арналған стипендиялық бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Доктор Хайко Шмидттің ресми хатына сәйкес, лектор Катрин Кристина Компе ханым 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Л.Н. Гумилев ат. Еуразия Ұлттық университетінің Филология факультеті Шетел филологиясы кафедрасында 2 жыл мерзімге жұмыс істеуге келісімін берді.
Шетелдік лектор Катрин Кристина Компені Филология факультетінің деканы С. Дүйсенғазы және кафедра меңгерушісі Д.Х. Байдрахманов ерекше ілтипатпен қарсы алып, университетпен, оқу процесімен және ұжыммен таныстырды. Қонағымызға қазақы қонақжайлылық танытылып, кафедра ұжымы оның алдағы дәрістері мен ғылыми байланыстарына сәттілік тіледі.
Аталған шақыру шеңберінде Катрин Кристина Компе неміс тілі мен мәдениеті бойынша білім беріп қана қоймай, Қазақстан мен Германия арасындағы білім және мәдени байланыстардың нығаюына ықпал етпек.
Кафедра ұжымы халықаралық академиялық байланыстардың одан әрі дамуына сенім білдіре отырып, жаңа әріптеспен табысты жұмыс атқаруға ниетті.
