
Президент жолдауы аясында ЕҰУ-да жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу мәселелері талқыланды








Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманованың декандармен, кафедра меңгерушілерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесуі өтті. Сондай-ақ, кездесуге Астана қаласының жоғары оқу орындары – Тұран-Астана, Esil University, Астана медицина университеттері мен А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының өкілдері қатысты.
Кездесуде Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауындағы негізгі тұстар талқыланды. Жолдауда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру, жасанды интеллектіні кең көлемде енгізу, толық цифрландыру және осы саладағы барлық бастамаларды біріктіретін Digital Qazaqstan бірыңғай стратегиясын әзірлеу қажеттілігіне баса назар аударылды.
Кездесу барысында цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманова Президент Жолдауы аясында әлем мен Қазақстандағы жасанды интеллектінің дамуына талдау жасап, университеттің алдағы кезеңдегі басым бағыттарын атап өтті.
Онлайн оқыту департаментінің директоры Лейля Сабитова ЕҰУ-де жүзеге асырылып жатқан «AI-Sana» бағдарламасы туралы баяндама жасады. Университеттің бұл бағытта Министрлік тапсырмаларын табысты орындап, елдегі бес жетекші жоғары оқу орнының қатарына енгенін атап өтті. Сондай-ақ, Цифрлық даму департаментінің директоры Асель Омарбекова университетте жасалып жатқан ЖИ-агент жобаларын – «Инклюзивті гид», «AI-аватар», «Е-куратор» чат-ботын таныстырып, олардың практикалық қолданыс мүмкіндіктерін көрсетті.
Кездесу Жасанды интеллект апталығы аясында жүзеге асырылатын іс-шараларды айқындауға мүмкіндік берді. Осыған орай, 30 қыркүйек күні «ЕҰУ Жасанды интеллект жетістіктерінің көрмесі (ENU AI-Expo)» өтеді. Спикерлер профессор-оқытушылар құрамын алдағы бастамаларға белсенді атсалысуға шақырып, цифрлық трансформация үдерісінде және Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуда университеттің рөлін нығайту маңыздылығын атап өтті.
