
ЕҰУ-ға жаңа оқу жылында «Welcome to ENU» бағдарламалары және қос диплом бойынша 300-ден астам шетелдік студенттер оқуға келді











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Орталық Азиядағы білім беру хабы ретіндегі Қазақстанның позициясын нығайтуды жалғастыруда. Университетте «Welcome to ENU» бағдарламасының қатысушыларымен және Қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша 2025-2026 оқу жылына келген студенттермен дәстүрлі кездесу өтті.
«Welcome to ENU» бағдарламасы 2020 жылдан бері Erasmus+ «WELCOME» жобасы аясында жүзеге асырылып келеді және осы уақыт ішінде университеттің халықаралық брендіне айналды. Бағдарлама шетелдік серіктес университеттер арасында кеңінен танылып, жыл сайын қатысушылар саны мен елдердің географиясы жағынан өсім көрсетуде.
2025–2026 оқу жылының күзгі семестрінде ЕҰУ-не «Welcome to ENU» бағдарламасы бойынша 224 және Қос дипломды бағдарлама бойынша 94 шетелдік студент келді. Олар келесі бағыттар бойынша білім алуда: Халықаралық қатынастар, Шет тілдері, Орыс тілі мен әдебиеті, Туризм, Архитектура, Химия, Ядролық физика, Наноматериалдар және нанотехнологиялар, Экономика, Қаржы, Есеп және аудит, Менеджмент және т.б.
Бағдарлама АҚШ, Франция, Италия, Нидерланды, Польша, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан сияқты 14 елдің студенттерін біріктірді.
Бағдарлама серіктестерінің қатарында Еуропа, Азия және ТМД елдерінің жетекші жоғары оқу орындары бар:
University Bordeaux Montaigne, Université Jean Moulin Lyon 3, Leiden University, University of Catania, University of Gdansk, Middlebury College, Minzu University of China, Gyeongsang National University, Hanoi Law University, Middle East Technical University және басқа да университеттер.
Бағдарлама аясында Орталық Азия елдерінің, әсіресе Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан жоғары оқу орындары белсенділік танытуда.
ЕҰУ барлық шетелдік серіктес университеттерге сенім мен әріптестік үшін алғыс білдіреді. «Welcome to ENU» бағдарламасы студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашып қана қоймай, академиялық ұтқырлықты, мәдени алмасуды және білім беру саласындағы халықаралық ықпалдастықты дамытуға өз үлесін қосуда.
