
ЕҰУ студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілікке шықты













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері мен студенттері Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты республикалық акция аясында қалалық сенбілікке қатысты.
ЕҰУ әрдайым экологиялық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазалық мәдениеті мен экологиялық ағарту бағытындағы үндеуін қолдайды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында табиғатты қорғауға қоғамның барлық деңгейін – мектеп оқушыларынан бастап студенттерге дейін тартудың маңыздылығын атап өтті. Өткен жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы миллиондаған қазақстандықты біріктірді. Нәтижесінде 860 мың гектардан астам жер тазартылып, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды.
Бүгін ЕҰУ студенттері елорда тұрғындарымен бірге Сарайшык, Алматы және Байқоңыр аудандарындағы саябақтарда, скверлерде және көшелерде қоқыс жинауға шықты. Олар қаланың тазалығына және экологиялық ахуалдың жақсаруына өз үлестерін ынтамен әрі жауапкершілікпен қосты.
ЕҰУ болашақта да көгалдандыру, абаттандыру және экологиялық ағарту бағытындағы бастамаларды қолдап, Қазақстанның тұрақты болашағын құруға өз үлесін қоса бермек.
