
ЕҰУ-ға Гонконг ғылым және технологиялар университетінің (Гуанчжоу) делегациясы ресми сапармен келді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Гонконг ғылым және технологиялар университетінің (HKUST, Гуанчжоу) делегациясы ресми сапармен келді. Делегацияны университет президенті Лайнел М. Ни бастап келді.
Сапар аясында ЕҰУ мен HKUST арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен Қытай университетінің президенті Лайнел М. Ни қол қойды. Тараптар ғылыми зерттеулер, академиялық ұтқырлық, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және ұзақ мерзімді серіктестік байланыстар орнату бағытындағы стратегиялық әріптестік келешегін талқылады.
Қонақтарды қарсы алған ректор Ерлан Сыдықов Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығына тоқталды:
«ЕҰУ Қытайдың 29 университетімен түрлі бағыттар бойынша жұмыс істейді: академиялық ұтқырлық, ғылым, оқытушылар алмасуы. 2007 жылдан бері бізде Конфуций институты табысты жұмыс істеп келеді, ол 14 мыңнан астам студентті дайындады. Қазіргі уақытта Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесіп жасанды интеллект бойынша «Лу Бань шеберханасын» іске қосуға дайындық жүріп жатыр», – деді университет ректоры.
Сондай-ақ Ерлан Сыдықов Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі алғаш рет Қазақстандағы жоғары білім беру тарихында бірлескен институт – Наннин педагогикалық университетінің базасында Еуразия ғылым және технология мектебін ашуға аккредитация бергенін атап өтті. Бұл жаңа құрылымда мамандар химия, биология және биотехнология бағыттары бойынша даярланатын болады. Сонымен қатар Нанькай университетімен экономика саласында бірлескен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
HKUST президенті Лайнел М. Ни университет туралы мәлімет беріп, оның инновациялық білім беру үлгісіне ерекше назар аударды:
«Біздің университет – дәстүрлі факультеттердің орнына хабтар мен бағыттар тұжырымдамасын енгізген әлемдегі алғашқы жоғары оқу орны. Бұл тәсіл пәнаралық білімді дамытуға және жаһандық сын-қатерлерге шешім табуға мүмкіндік береді. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші ғалымдарды тартамыз, заманауи зерттеу инфрақұрылымымен қамтамасыз етеміз және студенттерді ғылым мен нарық талаптарына сай даярлаймыз», – деді ол.
Сапар барысында Гонконг делегациясы ЕҰУ-дың инженерлік зертханаларын аралап, оқытушылармен академиялық кездесулер өткізді. Тараптар алдағы уақытта жүзеге асатын ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
