
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де академиялық ұтқырлық бағдарламасына өтінім қабылдау ашылды





Дәстүрлі түрде әр семестрдің басында Халықаралық ынтымақтастық департаменті академиялық ұтқырлық бағдарламаларына өтінім қабылдауды бастайды. Осыған байланысты бағдарламаға қызығушылықты арттыру мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, 2025 жылдың 19 қыркүйегінде ақпараттық-кеңестік күн өтті.
Іс-шара барысында Халықаралық ынтымақтастық департаментінің мамандары студенттерге шетелде білім алу мүмкіндіктерінің кең спектрін таныстырды: ENU Students Ambassador, Erasmus+, Орхун, Абай-Верн бағдарламалары, екіжақты келісімдер бойынша академиялық алмасу бағдарламалары, сондай-ақ мемлекеттік бастамалар ұсынылды. Студенттерге өтінім беру тәртібі, қажетті құжаттар тізімі мен іріктеу мерзімдері жан-жақты түсіндірілді.
Іс жүзінде пайдалы ұсыныстарға да ерекше назар аударылды — бағдарламаны дұрыс таңдаудан бастап байқау кезеңдерінен өтуге дайындыққа дейін. Қатысушылар бағдарлама талаптары мен іріктеу талаптарына қатысты өзекті сұрақтарына жауап алды.
Бүгінде ЕҰУ халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, жыл сайын Еуропа, Азия және Америка елдерінің жетекші жоғары оқу орындарына 400-ден астам студентті жіберіп келеді. Академиялық ұтқырлық географиясы 30-дан астам елді қамтиды, серіктес жоғары оқу орындарының қатарында Германия, Франция, Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай және басқа да елдердің университеттері бар. Биыл серіктес жоғары оқу орындарымен белсенді жұмыс нәтижесінде жаңа жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатылды, олардың қатарында: Франциядағы Сорбонна Париж-Солтүстік университеті, Бельгиядағы Лувен-ла-Нёв (Louvain-la-Neuve), Лейпциг қолданбалы ғылымдар университеті мен Франкфурттегі Гёте атындағы университет, Грециядағы Пантеон әлеуметтік және саяси ғылымдар университеті, Жапониядағы Мусашино университеті, Испаниядағы Уэльва университеті, Қытайдағы Харбин инженерлік университеті, Макао ғылым және технология университеті, Гонконг ғылым және технология университеті , сондай-ақ ТМД елдерінің көптеген жетекші университеттері бар.
Академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу үшін өтінім қабылдау Оңтүстік-Шығыс Азия университеттері үшін – 29 қыркүйекке дейін (қоса алғанда) және басқа барлық университеттер үшін – 13 қазанға дейін (қоса алғанда) жалғасады.
