
«Заң және тәртіп» тақырыбында студенттермен кездесу өтті

2025 жылдың 24 қыркүйегінде Білім жоғары мектебінің студенттері үшін «Заң және тәртіп» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға құқық қорғау органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері, сондай-ақ университеттің тәрбие жұмысына жауапты мамандар қатысты.
Арнайы шақырылған қонақтар:
- Астана қаласы Алматы ауданы Полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бақдәулет Мұхтарұлы;
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комлаенс қызметінің аға офицері - Маненбаева Аңсаған Ерғалиқызы;
- Әлеуметтік және азаматтық даму департаменті директорының орынбасары, «Әдеп» жобалық кеңесінің жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Е. Нұғыманов.
- Әлеуметтік жобалар бөлімінің бас маманы Нұрзила Жақсығалиқызы.
Кездесу барысында студенттерге заң талаптарын сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру, тәртіп бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері кеңінен түсіндірілді. Қонақтар жастарға құқықтық сауаттылықтың маңызын айта келе, әрбір студенттің заңды білуі мен оны күнделікті өмірде қолдануы – қоғамдағы тұрақтылық пен әділдіктің кепілі екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, кездесуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жолдары мен жастар арасында адалдық құндылықтарын қалыптастырудың маңызы айтылды. Студенттер қонақтарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз ойларымен бөлісуге мүмкіндік алды.
Университетімізде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет жұмыс жасайды. Оның негізгі мақсаты – қоғам мен оның қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық және халықаралық стандарттарды енгізу сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыру.Сонымен қатар, комплаенс-қызмет студенттермен және қызметкерлермен ашық кері байланыс орнатып, кез келген құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы хабарлауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде университет ұжымында әділдік пен сенімге негізделген қолайлы ахуалды қалыптастыруға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, университетіміздегі «Заң және тәртіп» тақырыбындағы кездесу студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға, сондай-ақ жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосты.
