
ЕҰУ QS World University Rankings 2026 жаһандық рейтингінде Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының қатарына енді
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлемдік беделге ие QS World University Rankings 2026 рейтингінде жоғары нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның үздік университеттерінің қатарына кірді.
Отандық жоғары оқу орындарын марапаттау салтанаты Алматы қаласында өтті. 20 жетекші қазақстандық университеттің өкілдеріне сертификаттар мен естелік сыйлықтарды QS компаниясының бас коммерциялық директоры Джейсон Ньюман және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Сергей Христолюбов табыстады.
Биылғы жылы ЕҰУ өз көрсеткіштерін тағы да жақсартып, 106 елден қатысқан 1500-ден астам ЖОО арасында әлемнің үздік 320 университетінің қатарына енді. Әсіресе, университеттің "Жұмыс берушілер арасындағы бедел" критерийі бойынша әлемдік топ-100 қатарына кіруі - түлектердің сапалы даярлығын және еңбек нарығымен тығыз байланысын айқын көрсетеді.
«QS рейтингі - бұл біз үшін жай ғана орындар мен сандар емес. Бұл - бізге әлемдік тәжірибелермен салыстыруға, күшті жақтарымызды анықтауға және даму бағыттарымызды белгілеуге мүмкіндік беретін стратегиялық бағдар», - деді ЕҰУ ректоры, ҚР ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов.
QS марапаттау рәсімі қазақстандық университеттердің жетістіктерін мойындап қана қоймай, еліміздегі ғылым мен жоғары білімді одан әрі дамытуға серпін берді.
Марапатталған жоғары оқу орындарының тізімі:
-
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
-
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
-
Satbayev University
-
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
-
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті
-
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
-
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
-
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
-
Академик А. Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университеті
-
Алматы технологиялық университеті
-
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті
-
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті
-
Қазақстан-Британ техникалық университеті
-
NARXOZ университеті
-
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
-
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
-
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
-
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті
-
Toraighyrov University
-
Шәкәрім атындағы университет, Семей қаласы
