
ЕҰУ-дың 100-ден астам студенті ағылшын тілі бойынша тестілеу қорытындысы бойынша халықаралық білім беру бағдарламаларына қатыса алады





Жоғары білім және ғылым министрлігі ұсынатын академиялық ұтқырлық бағдарламалары Еуропа, АҚШ және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жетекші жоғары оқу орындарында бакалавриат және магистратура деңгейінде 1-2 семестр оқуға гранттар береді. Жыл сайын түрлі халықаралық бағдарламаларға, оның ішінде «ENU Students Ambassador» бағдарламасына қатысу мақсатында Үздіксіз білім беру институты Халықаралық ынтымақтастық департаментімен бірлесіп, ағылшын тілін меңгеру деңгейін растайтын ЕҰУ сертификатын беру үшін тестілеу өткізеді.
Ағымдағы жылы 266 білім алушы үшін ағылшын тілінің деңгейін анықтау бойынша тестілеу 2025 жылғы 23-26 қыркүйек аралығында өткізілді. Тестілеудің бірінші күні екі кезеңнен тұрды – лексикалық-грамматикалық тест және тыңдалым, олардың мақсаты лексикалық және грамматикалық білім мен дағдыларды, сондай-ақ тыңдаушылардың тілді қабылдау және түсіну қабілеттерін тексеру. Бірінші және екінші кезеңнің қорытындысы бойынша қажетті балл санын жинаған 216 адам үшінші кезеңге қатысу құқығына ие болды. Үшінші кезеңнің нәтижелері бойынша комиссияның шешімімен ағылшын тілі бойынша ең үздік коммуникативтік дағдыларды көрсеткен 144 қатысушы анықталды. Оның ішінде 86 қатысушы B2 (Upper-Intermediate) деңгейіндегі сертификаттарға ие болды, ал 10 студент C1 (Advanced) деңгейіндегі сертификаттарға ие болды.
Бұл сертификат дербес қаржыландырумен академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде, "ENU Students Ambassador" ішінара қаржыландыру бағдарламасы үшін, сондай-ақ магистранттарға шетелдік университеттерде ғылыми тағылымдамадан өту үшін 2 жыл бойы жарамды.
