
ЕҰУ орыс филологиясы кафедрасының доценті Абай шығармашылығы мысалында Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен конференцияда баяндама жасады









Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің орыс филологиясы кафедрасының доценті Құралай Уразаева Мәскеу университетінің 270 жылдығына және профессор В.И. Фатущенконың туғанына 90 жыл толуына арналған «Мәдениеттегі шығармашылық тұлға феномені: Фатущенков оқулары» атты XI Халықаралық ғылыми конференцияда «Қатыгез романс және оның Абай ән поэзиясындағы трансформациясы» атты баяндама жасады. Әннің түпнегізін, соның ішінде әуенін айқындау жолдары да көрсетілді, ол үшін өлеңтанымдық, әдебиеттанымдық және мәдениеттанымдық құралдар қолданылды.
«Әдебиеттану» мамандығының 2-курс магистранттары , Астана қаласындағы «Дарын» мемлекеттік лицейінің мұғалімдері Б.Хамзина және З. Ақмамбетова баяндамалар жасады. Б. Хамзина «Шығармашылық тұлға феномені және жанрлық жаңашылдықтар: Пушкин және орыс әдебиетіндегі отбасылық романның қалыптасуы» тақырыбында баяндама ұсынды. Баяндамашы тақырыптың өзектілігіне назар аударды: қазіргі филология мен мәдениеттану барған сайын ұлттық-мәдени құндылықтар мен бірегейліктің тасымалдаушысы ретінде отбасылық хронотоп мәселесіне жүгінуде. Дәстүрлі негіздердің дағдарысы жағдайында отбасы категориясы сабақтастық пен тірек символы ретінде көрініс табады, ал оның XIX ғасыр мәтіндеріндегі көркем бейнесі ұлттық мифті қалыптастырудың қайнар көзіне айналады. З. Ақмамбетова «Ф. Достоевскийдің “Жерасты адам” шығармасы және орыс әдебиетіндегі жаңа типтегі қаһарман» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде ол повестьке қатысты орыс эмигранттық сынында айтылған көзқарастарға шолу жасады. Сананың дағдарысы мәселелері, дәуірдің философиялық, мәдени және діни ізденістері жазушы шығармашылығындағы дағдарыстық сананың архетипін, өтпелі жанрды және жаңа типтегі қаһарманды талдаудың негізіне айналды.
Конференция мәдениеттегі тұлғалық шығармашылық бастаманы түсіну, сақтау және дамыту мәселелеріне арналды. Онда философиялық, діни, тарихи-мәдени, этникалық, фольклорлық, әдеби, лингвистикалық, өнертанулық қырларды кешенді зерттеуге негізделген баяндамалар ұсынылды. Бұл қырлар адамзаттың жасампаздық әрекетінің негізінде жатқан мәдениетқұраушы үдеріс ретіндегі шығармашылықты талдауға бағытталды. Ұлттық және әлемдік мәдениетке айтарлықтай үлес қосқан, түрлендіруші қызметімен ерекшеленген шығармашылық тұлғалардың жадын сақтау, сондай-ақ көркем мәдениеттегі шығармашылық тұлға бейнесін зерттеу – баяндамалар мен пікірталастардың негізгі мазмұнын құрады. Қарастыру нысаны ретінде көркем мәтіндер, тарихи құжаттар, рухани дәстүрлер, артефактілер, экспедициялық материалдар, күнделіктер мен әртүрлі эго-құжаттар алынды.
Конференцияға ЕҰУ-мен докторанттарды даярлау аясында көп жылдан бері ынтымақтасып келе жатқан, визитинг-профессор болып табылатын ресейлік ғалымдар қатысты: ММУ профессоры, ф.ғ.д. И.Моклецова, Красноярск қаласындағы СФУ профессоры, ф.ғ.д. В.Разумовская. И. Моклецованың (магистрант А. Кашкова мен бірлескен) баяндамасы наив суретші В.Сакиян шығармашылығындағы «идеалды кеңістік» бейнесіне арналды. Ал В.Разумовскаяның «Джойс мәтінін аудару – аса қиын әрі аса шығармашылық міндет» атты баяндамасы аударматану мәселелеріне арналды. Ресей Аудармашылар одағының Красноярск аймақтық бөлімшесінің жетекшісі ретінде В.Разумовская ЕҰУ мен Қазақстан ғалымдарымен және білім алушыларымен тығыз жұмыс істейді. Бұл ынтымақтастық конференциялар өткізу, сот, көркем, ғылыми-техникалық аударма саласы мамандарын даярлау мәселелері бойынша дәрістер оқу, халықаралық әріптестік, аудармашылардың біліктілігін арттыру аясында жүзеге асырылады.
