
Электрон мұрын, көру қабілеті бұзылған адамдарға цифрлық гид, AI-аватар: ЕҰУ зерттеушілері AI Expo көрмесінде жасанды интеллект жобаларын таныстырды














Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің зерттеушілері ЕҰУ-да AI-Sana апталығы аясында өткен AI Expo көрмесінде жасанды интеллект саласындағы жобаларын ұсынды.
AI Expo-да ерекше жобалар көрсетілді, соның ішінде: Инклюзивті гид – ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсетуге арналған интеллектуалды жүйе; SignBridge – 3D-аватар көмегімен қазақ тілінде мәтінді аудару жобасы; Электрон мұрын (E-nose) – қоршаған ортаға зиянды заттардың мониторингі үшін; дауыстың жалғандығын анықтайтын интеллектуалды жүйе, телефон алаяқтықтарына, аудиожазбаларды бұрмалауға және киберқылмысқа қарсы тұруға көмектеседі; E-Curator чат-боты – студенттер мен оқытушыларға арналған цифрлық көмекші; жасанды интеллект негізіндегі лектор-аватар – онлайн оқытуды кеңейтетін инновациялық құрал және басқа жобалар.
Іс-шараға ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыков, ЕҰУ цифрландыру проректоры Гүлмира Бекманова, IT саласының мамандары, оқытушылар және астаналық университет студенттері қатысты.
«Бұл шара тек жаңа идеялар мен технологиялардың көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ университеттерінің үлкен қадамының символы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында үш жыл ішінде елді цифрлық мемлекетке айналдыруды тапсырды. ЕҰУ ғалымдары мен студенттерінің бүгінгі көрмеде ұсынылған еңбектері білім, медицина, экология, қала инфрақұрылымы және цифрлық қызметтер салаларын қамтиды. Мұндай көрмелерді дәстүрлі түрде өткізіп, оларды пікір алмасу мен жаңа AI өнімдерін жасау алаңы ретінде қолдануды ұсынамын», – деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыков.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова AI-Sana бағдарламасының іске асырылуы туралы айтты.
«AI-Sana бағдарламасы аясында шамамен 100 мың студент жоғары технологиялық жобаларға тартылуда. Бұл бағдарлама еліміздің 95 университетінде жасанды интеллект пәндерін енгізуге және оқытушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Жақын арада Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Ертеңгі кезең жасанды интеллект дәуірі болады. Біз одан артта қала алмаймыз. Егер белсенді жұмыс істесек, әр студент пен оқытушы өз рөлін түсініп, ЖИ-ды пайдаланса, халықаралық рейтингтерде көшбасшы боламыз», – деді вице-министр сөзінде.
Инклюзивті гид жайлы ЕҰУ цифрлық даму департаментінің бағдарламалық қамтамасыз ету маманы Айбол Тілеухан таныстырды. Жоба көру қабілеті бұзылған адамдарға ғимарат ішінде қауіпсіз бағдарлануға көмектесуге арналған.
«Ғимараттарда әдетте GPS жүйесі жұмыс істемейді, сондықтан құрылғыға объектінің картасы жүктеледі. Құрылғыда орнатылған лазер мен камера QR кодтары арқылы маршрутты жоспарлайды. Пайдаланушының дауыстық командасын қабылдап, арнайы құлаққапқа кері байланыс береді, кедергілер туралы ескертеді. Қазақстанда баламасы жоқ бұл құрылғы 5 сағат бойы автономды жұмыс істей алады, сонымен қатар оның интернетсіз жұмыс істеуі, компактылығы мен қолжетімді бағасы ерекшелігі болып табылады», – деді Айбол Тілеухан.
Электрон мұрын жүйесі туралы ақпараттық қауіпсіздік кафедрасының аға оқытушысы Алия Исаинова айтты.
«Көп функциялы құрылғы экологияны бақылаудан өнім сапасын анықтауға және адамның денсаулығын қадағалауға дейін түрлі салаларда қолданылуы мүмкін. Жоба нейрондық желілер мен машина оқыту алгоритмдерін қолданатын жасанды интеллект негізінде құрылған. «Электрон мұрын» адамның мұрнынан сезімтал келеді. Адамдар иісті анықтай алмаған жерде біздің құрылғы дәл анықтайды. Осылайша, бұл процесс толық автоматтандырылуы мүмкін», – деп атап өтті оқытушы.
Көрмеде тағы басқа да AI жобалар таныстырылды.
E-Curator чат-боты - студенттер мен оқытушыларға арналған цифрлық көмекші. Студенттерге оқу процесі, жатақхана, құжаттар, әлеуметтік қолдау және басқа да тақырыптар бойынша ең көп қойылатын сұрақтарға жедел жауап алу үшін жасалған.
Жүйе үш тілде жұмыс істейді: қазақ, орыс және ағылшын. Қызметтің басты артықшылығы – 24/7 қолжетімділік: студент кез келген уақытта сұрақ қойып, кезексіз және күтусіз жауап ала алады. Чат-бот типтік сұрақтарға автоматты түрде жауап береді, қызметкерлердің жүктемесін азайтады және ақпарат алуды барынша жылдам әрі ыңғайлы етеді.
SignBridge – мәтінді қазақ жесттік тіліне 3D-аватар арқылы аудару жобасы, бұл ақпаратты есту қабілеті төмен адамдарға қолжетімді етеді. Жүйеде жесттерді тану модулі бар, ол жесттерді глосс (жесттердің шартты жазбалары) түрінде мәтінге аударады. Компьютерлік көру және табиғи тілдерді өңдеу технологияларының көмегімен стартап әртүрлі коммуникация қабілеті бар адамдар арасындағы өзара әрекетті жақсартып, олардың әлеуметтік интеграциясына ықпал етеді.
AI аватар – жүйе виртуалды аватардың көмегімен мәтінге негізделген видео-лекциялар автоматты түрде жасайды. Аватар материалды оқиды және сүйемелдейді. Жасанды интеллект мәтінді талдап, эмоция мен интонацияны анықтайды, ауыз қозғалысын, мимика мен қимылдарды синтездейді. Видео жүктелген мәтін мен суреттер негізінде құрылады, кейін қолданушы оны өңдей алады. Оқу платформаларымен интеграция және кері байланыс контент сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Дауыс жалғандығына қарсы қорғау жүйесі: Жасанды интеллект негізіндегі жүйе дауыстың жалған дыбыстарын анықтап, телефондық алаяқтыққа, аудиожазбаларды жалғандауға және киберқылмысқа қарсы күресуге көмектеседі. Қызмет университеттің ML-порталында іске қосылған.
Жүйе онлайн-анықтау, аудиофайлдарды пакетпен өңдеу және аномалиялық учаскелерді спектрлік жылу карталар түрінде көрсету мүмкіндігін қолдайды. Бұл сот сараптамасы, тәуекелдерді басқару және оқу платформалары үшін пайдалы.
Жасанды интеллект көмегімен жүйе синтетикалық сөйлеудің аз байқалатын белгілерін (TTS, VC) анықтап, құқықтық талдауға жарамды түсініктемелер береді. Құпиялылыққа ерекше мән беріледі: қызмет мәтін мазмұнын өңдемейді, қорғалған ортада жұмыс істейді және аудит жүргізеді.
Шешім онлайн-емтихандарға, тұлғаны растауға, алаяқтыққа қарсы орталықтарға және мессенджерлерге енгізілуі мүмкін. Болашақта «Цифрлы қала Alatau» жобасы аясында қолданысқа енгізіліп, азаматтардың цифрлық идентификациясының құрамдас бөлігі ретінде дамытылады.
«KOMEK»: оқыту және тестілеу бағдарламасы – Қазақ тілінде (алғаш рет) және кейін орыс тілінде пайдаланушыларға арналған веб-негізіндегі оқыту және тестілеу бағдарламасын жасау.
Бағдарлама тест нәтижелері бойынша білімдегі олқылықтарды анықтап, пәнге қабілеттілікті бағалап, жасанды интеллект әдістерімен олқылықтарды жою жоспарын құрады. Бағдарламаны тест тапсыру мерзіміне, сұрақ санын (бөліп тексеру) және аналитикалық есептерге икемді етіп енгізу.
Іс-шара аясында AI сторителлинг байқауына қатысқан ЕҰУ студенттері грамоталармен марапатталды.
