
ЕҰУ-да V халықаралық эндаументтер форумы өтті













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде V халықаралық эндаументтер форумы өтті. Бұл маңызды шараға Қазақстан, АҚШ, Ресей, Қытай, Түркия және Польша елдерінің эндаумент қорлары, университеттер, инвестициялық компаниялар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері жиналды.
Форумның негізгі мақсаты – мақсатты қорларды дамыту стратегиясын, олардың танымалдылығын арттыру және қолдауды талқылау, сондай-ақ эндаумент қорларының қазіргі әлемдегі маңызы мен рөлін анықтау болды.
Әлемдік сарапшылар білім беру жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін эндаумент қорларының тиімді қызметін нығайту мен ілгерілету тәжірибелерімен бөлісті.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов форум қатысушыларын Қазақстанда Мақсатты капитал қорлары мен эндаумент қорлары туралы заңның қабылдануымен құттықтап,
«Университеттер мемлекеттік бюджетке тәуелді болмауы тиіс. Бәсекеге қабілетті болу үшін бірнеше қаржыландыру көздерін дамыту маңызды. Осы жерде эндаумент қорларының рөлі ерекше» – деді.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Қазақстанда қазіргі уақытта 22 эндаумент қоры бар екенін, олардың 15-і білім беру саласында жұмыс істейтінін, капиталдық қоры орташа есеппен бір миллиард теңгеден төмен екенін айтты. Сондай-ақ, 2029 жылға қарай эндаумент қорларының жалпы капитализациясын 50 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланғаны туралы хабарлады.
Миннесота университетінің даму жөніндегі директоры Сьюзан Холтер стратегиялық қорды дамытуға арналған донорлық пирамида үлгісін таныстырып, донорлармен сенімді қарым-қатынас орнату жолдарын ұсынды.
Потанин қайырымдылық қорының бас директоры Оксана Орачева Ресейдегі эндаументтерді дамыту тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік қолдау мен танымалдылықты арттыруға ерекше назар аударды.
Форум барысында Мичиган университетінің өкілі Джон Д. Бранч тұрақты университет өсу стратегиясын, МГИМО даму қорының директоры Марина Петрова түлектер мен бизнес қауымдастығын эндаументке тарту жолдарын, Назарбаев Университетінің әлеуметтік даму корпоративтік қорының Басқарма Төрағасы Саят Нүсіпов эндаумент қорларының әлемдегі маңызы мен орнын баяндады. Сондай-ақ, Познаньдағы Адам Мицкевич университетінің өкілдері, Chengwei Capital Evergreen Fund және Berik and Bayan Kaniyev Scholarship бағдарламасының директорлары өз тәжірибелері мен ұсыныстарын ортаға салды.
