
«Ыстық ұя» атты Отандық фильмді қолдау



Университет қабырғасында студенттердің рухани-мәдени дамуын қолдау және тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті, “Психология” мамандығының 2 курс студенттері тәрбие сағаты аясында ұжым болып «Ыстық ұя» атты отандық фильмді тамашалады.
«Ыстық ұя» фильмі (режиссері — Д. Карипов) Кореяда бірнеше жыл еңбек етіп, туған ауылына оралған Ғалия есімді кейіпкердің өмірін бейнелейді. Ол шетелде тапқан қаражатымен өз үйін салып, жаңа өмір бастауды көздейді. Алайда отбасылық басқосуда әркімнің үйге, мүлікке және болашаққа деген ішкі көзқарастары мен ойлары айқындалып, жасырын реніштер мен бәсекелестік бетке шығады. Осы арқылы фильм отбасы ішіндегі қарым-қатынас, сенім мен сыйластық, адамгершілік пен шынайылық тақырыптарын терең қозғайды.
Фильм көрерменге отбасы құндылықтарының маңызын, түсіністік пен сыйластықтың қоғамдағы орнын сезіндіреді. Мұндай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар студенттердің бойында рухани құндылықтарға құрметті, жақындармен қарым-қатынастың маңызын түсінуді, сондай-ақ ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырады.
Көрсетілімнен кейін студенттер өз әсерлерімен бөлісіп, көрген туындының тәрбиелік мазмұны мен өмірлік мәні туралы ойларымен алмасты. Бұл шара Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткізілетін мәдени-рухани іс-шаралардың бір тармағы болып, жастардың ұлттық өнерге, отбасылық құндылықтарға және адамгершілік қасиеттерге деген құрметін арттыруға бағытталған. Педагогикалық практика аясында іс-шараны ұйымдастырған 7М03103 - Психология мамандығының магистранты Сарманова А.Т., ғылыми жетекшісі пс.ғ.к., доцент Мандыкаева Алмагүл Рамазановна.
