
Табысты кәсіпкер ЕҰУ студенттеріне 30 грант бөлді
ЕҰУ-дың табысты түлегі, Zebra Coffee кофеханалар желісінің негізін қалаушы және иесі Ержан Тастамбеков бір топ студенттерді үлкен қуанышқа бөледі. Яғни, университеттің 30 жылдық мерейтойына орай 30 студентке бір жылдық оқу грантын табыстады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өз студенттеріне әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету мақсатында көптеген ірі компаниялармен, кәсіпорындармен және жеке кәсіпкерлермен өзара әріптестік орната отырып, үздік оқитын студенттерге арнайы грант бөлу сияқты сауабы мол, өзгелерге үлгі боларлық іс-шараны жыл сайын өткізіп келеді. Бұл жолы Zebra Coffee кофеханалар желісінің негізін қалаушы және иесі Ержан Тастамбеков бөлген тегін білім беру гранттары Еуразия ұлттық университетінде оқу үлгерімі үздік, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, өз қатарының алды болып жүрген 30 студентке берілді. Мұндай игі бастамаға Еуразия ұлттық университеті мен ENU Endowment Fund және Түлектер қауымдастығы қолға алған арнайы жоба мұрындық болып отыр.
Ержан Тастамбеков – Zebra Coffee кофеханалар желісінің негізін қалаушы және иесі. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алған. Оқуды аяқтағаннан кейін өмірі АҚШ-та жалғасып, сол жерде болашақ кәсіпкердің кофеге деген ерекше сүйіспеншілігі пайда болды.
Елге оралған соң Ержан өз кәсібін ашуға бел буады. Ол бұл іске өз білімін, дағдыларын және бүкіл энергиясын жұмсады.2018 жылдың 1 желтоқсанында Астанада алғашқы Zebra Coffee кофеханасын ашып, оған жеті миллион теңге бастапқы инвестиция салды. Бір жыл ішінде желі қарқынды дамып, 2019 жылдың соңына қарай төрт кофехана жұмыс істей бастады.
2020 жылы Zebra Coffee жаңа деңгейге көтеріліп, 2021 жылы желінің үш жылдығына орай Mega SilkWay сауда орталығында тағы бір жаңа кофехана ашылды. Осы кезеңде сауда нүктелерінің жалпы саны 40-қа жетті.
Қазіргі уақытта Zebra Coffee желісі үш елде 100 нүктеге дейін кеңейіп, Қазақстанның 20 аймағын қамтиды. Компанияның тауар айналымы 80%-ға артты, ал ай сайын 700 000-800 000 стакан кофе сатылады, бір чек үшін орташа баға 1850 теңге.
Сонымен қатар, Ержан Тастабеков студент жастарға қолдау көрсетуді де ұмытпайды. Айта кетсек, бұған дейін де ЕҰУ түлегі 2023 жылы алты, 2024 жылы тағы алты студентке оқу грантын табыстаған болатын.Ал биыл бұл санды 30 грантқа көбейтті. Бұл студенттерге сапалы білім алуға және оқу жолындағы қолдауға тамаша мүмкіндік.
Гранттар, әсіресе, қолдауды қажет ететін талапкерлерге және қоғамдағы оң өзгерістерге белсенді ұмтылатын студент-активистерге берілді.Грант иегерлерін іріктеуді Ержан Тастамбеков төрағалық еткен комиссия жүргізді. Комиссия үміткерлердің әлеуметтік жағдайына, академиялық үлгеріміне және ҰБТ нәтижелеріне назар аударды.
ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетовтің айтуынша, табысты кәсіпкер соңғы үш жыл қатарынан университет жастарын қолдап, олардың білім алуына және дамуына мүмкіндік беріп келеді.
«Биыл грант иегерлері гуманитарлықтан бастап техникалық бағыттарға дейінгі түрлі факультеттердің 1, 2 және 3 курс студенттері болды. Соңғы жылдары ЕҰУ түлектерімен жұмыс айтарлықтай жанданды. 2022 жылы олардың бастамасымен ENU Endowment Fund қоры құрылып, аз уақыт ішінде 50-ден астам студент стипендия мен грант иеленді. Бұл қадам – түлектердің талантты жастарды қолдау арқылы болашақ ұрпақтың дамуына қосқан үлесінің айқын үлгісі. Ержан Тастамбековтің бастамасы басқа түлектерге де үлгі болады деп сенеміз», – деді проректор.
Бұл грант білім саласын ғана байытпай, жетістіктерге ұмтылатын жастарды қолдаудың маңыздылығын арттырады.Ержан Тастамбеков тек табысты кәсіпкер ғана емес, сонымен бірге бизнес пен қоғамдық қызметте жетістікке ұмтылатын жастарға үлгі болып отыр.
«Бизнес өкілі ретінде біз өсіп келе жатқан ұрпақ алдында белгілі бір жауапкершілік арқалаймыз. ҰБТ балдары адамның қабілетін әрдайым дәл көрсете бермейді. Кейде бірнеше балл жетпей, талапкер грантқа түсе алмай қалады, ал кейбірінің оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ. Мен де кезінде осындай жағдайда болдым. Өз тәжірибемнен студенттерді қолдаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін», – деп бөлісті кәсіпкер.
Гранттарды табыс ету салтанаты аяқталғаннан кейін студенттерге жолығып, олардың лебіздерін тыңдаған едік. Аяулым Жүсіпбек – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика мамандығы бойынша 1-курс студенті. Ол сирек бұйыратын сәттілікке байланысты өз әсерімен бөлісті:
«Мұндай бақытқа кенелгенімізге өте қуаныштымыз. Біздің тегін оқуға қол жеткізгенімізді естіп ата-аналарымыз, бауыр-туыстарымыз қуанып отыр. Оқу грантын алғаным туралы жаңалықты естігенде қатты таңғалып, толқып кеттім. Бұл мүмкіндік менің оқуға деген мотивациямды одан әрі арттырды. Сонымен қатар, үлгерімім жақсы болса, осы гранттың мерзімін ұзартуға да мүмкіндік бар. Жастарды қолдап отырған Ержан Тастамбековке және өз университетіме алғыс айтамын. Бұл біз үшін өте қажет және құнды қолдау», – деді ол.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің 2-курс студенті Райхан Ахметова өз әсерін былай жеткізді:
«Бұл қуанышты жаңалықты естігенде шын жүректен ризашылық пен бақыт сезімін бастан кештім. Енді отбасымның мен үшін төлейтін оқу ақысына түсетін салмағы азаяды. Бизнес өкілдерінің студенттерге назар аударып, қолдау көрсетуі мені ерекше қуантады», - деді студент.
Салтанатты шара соңында альма-матердің дамуына қосқан үлесі мен еңбегіне ризашылық және құрмет белгісі ретінде проректор Думан Айтмағамбетов кәсіпкер Ержан Тастамбековке университеттің ерекше түлектеріне табысталатын ЕҰУ сақинасын сыйлады.
Грант иегерлерін құттықтап, сәтті оқу жылын тілейміз!
