
Душанбеде өткен Орталық Азия елдері университет ректорларының ІІ форумында өңірлік университет қауымдастығының мәселелері талқыланды

Тәжікстан астанасы Душанбеде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бесінші консультативтік кездесуі аясында Орталық Азия елдері университет ректорларының екінші форумы өтуде. Оған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
Орталық Азия мемлекеттерінің білім министрлері Тәжікстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан Жоғары оқу орындарының ректорларымен бірге ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды талқылады.
Форумның пленарлық отырысында Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов «Орталық Азия өңірлік интеграцияланған университеттер қауымдастығын қалыптастыру: басымдықтар мен жобалар» тақырыбында баяндама жасады. ЕҰУ басшысы атап өткендей, аймақтық университет қауымдастығы халықаралық білім кеңістігінде маңызды орын алады.
«Аймақтағы университеттердің ғылыми және білім беру әлеуетін нығайту мен біріктіру, олардың даму басымдықтарын дұрыс үйлестіру, сөз жоқ, Орталық Азия университеттері қауымдастығының басқа мега-аумақтық салалық одақтардағы неғұрлым маңызды және салмақты ұстанымы мен бәсекелестігіне серпін береді», - дейді Ерлан Сыдықов.

Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ, өңіраралық және университетаралық корпоративтік инновациялық жобаларға бастамашылық жасау мен бірыңғай салалық ақпараттық орта құру қажеттігін атап өтті.
«Өңірлік мемлекеттердің жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық жобаларының интеграциялануы біздің университеттерге, жалпы мемлекеттерге көптеген артықшылықтар әкелуі мүмкін. Күштер мен ресурстарды біріктіре отырып, әртүрлі салаларда үлкен және маңызды зерттеулер жүргізуге болады», - деп атап өтті Е.Сыдықов.
Спикердің баяндамасында су ресурстарын басқару және зерттеу тақырыбы да қозғалды, оларға халықаралық тәжірибесі бар мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу ұсынылды.
Сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы елдердің жоғары оқу орындарына арналған оқулықтардың біртұтас кешенін және Орталық Азияның электронды ғылыми кітапханасын қалыптастыру туралы да пікір айтылды.
Сондай-ақ Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесінің төрағасы Орталық Азиядағы жоғары оқу орындарының академиялық ұтқырлықты дамыту қарқынын арттыру қажеттігін айтып, студенттік іс-шаралардың өңірлік күнтізбесін құру туралы ұсыныс білдірді.
Душанбеде өткен Ректорлардың ІІ форумы аясында Қазақстан мен Тәжікстан университеттері арасында ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Сонымен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті М.Осими атындағы Тәжік техникалық университетімен, ал Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Тәжікстан мемлекеттік заң, бизнес және саясат университетімен келісім-шартқа отырды.
Сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ташкент мемлекеттік көлік университеті арасында білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатты екі жоғары оқу орнының ректорлары: Ерлан Сыдықов пен Одил Абдурахманов бекітті. Тараптар бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша студенттермен академиялық алмасу, жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды, мамандарды даярлау және бакалавриат пен магистратура деңгейлері бойынша қос дипломды бірлескен білім беру бағдарламаларын жасау туралы уағдаласты.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті үш бірдей жоғары оқу орны: Сотима Улугзода атындағы Тәжікстан халықаралық шет тілдер университеті, Денау кәсіпкерлік және педагогика институты және Шириншоха Шотемур атындағы Тәжікстан аграрлық университетімен ынтымақтастыққа қол жеткізді.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті екі жоғары оқу орнымен: Тәжік ұлттық университеті және Садриддин Айни атындағы Тәжікстан мемлекеттік педагогикалық университетімен келісімге қол қойды.
Орталық Азия инновациялық университеті мен Сайидмумин Рахимов атындағы Тәжікстан дене шынықтыру институты өзара ынтымақтастық туралы келісім жасады.
Қос диплом, академиялық ұтқырлық, Қазақстан мен Тәжікстан университеттерінің бірлескен ғылыми жобалары мәселелері бойынша ауызша келіссөздер жүргізілді.
Сонымен қатар секциялық отырыстар өткізілді, «Ғылыми-инновациялық ынтымақтастық жаңа экономиканы дамытудың негізі ретінде» екінші секциясының модераторы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева болды. Ол «Ұлттық ғылымды дамытудағы зерттеу университеттерінің рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
