
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру курсы





2025 жылғы 7 қазанда мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттыру бағдарламасы аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты Онлайн оқыту департаментімен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері үшін «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырды.
Оқыту курсын техника ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Жасанды интеллект технологиялары кафедрасының меңгерушісі Разахова Бибігүл Шамшанқызы жүргізді.
Сегіз сағаттық қарқынды курс мемлекеттік басқару жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану саласындағы практикалық білім мен дағдыларды дамытуға бағытталды. Қатысушылар ЖИ енгізудің негізгі бағыттарымен, табысты цифрлық шешімдердің мысалдарымен, технологияларды пайдаланудың этикалық аспектілерімен, сондай-ақ деректерді талдау мен шешім қабылдау процестерін автоматтандырудың заманауи құралдарымен танысты.
Оқытуға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің әртүрлі құрылымдық бөлімшелерінен 50-ден астам қызметкер қатысты. Тыңдаушылар курстың өзектілігін, тәжірибелік бағыттылығын және алынған білімді кәсіби қызметте қолдану мүмкіндігін атап өтті.
Осындай курстарды өткізу мемлекеттік секторды цифрландырудың стратегиялық міндеттерін іске асыру және білім беру саласындағы басқарудың тиімділігін арттыру үшін қажетті цифрлық мәдениетті қалыптастыру мен құзыреттерді дамытуға ықпал етеді.
