
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде ЕҰУ-де дәріс оқыды

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары, Саяси және халықаралық зерттеулер институтының (IPIS) басшысы Саид Хатибзаде бастаған делегация келді.
Сапар барысында иран делегациясы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовпен кездесті. Кездесу кезінде тараптар жоғары білім, кадрларды даярлау, академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламалар бойынша ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды.
Ректор өз сөзінде Қазақстан мен Иран арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, Иран университеттерімен серіктестікті дамыту ядролық энергетика саласында кәсіби мамандар даярлауды қамтамасыз етеді.
«Иран ядролық технологиялар бағытында мол тәжірибе жинаған мемлекет. Қазақстанда АӘС салу жоспары осы саладағы білікті мамандарға деген сұранысты арттырды. Біз Иранның технологиялық университеттерімен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Сондай-ақ қос диплом және академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында ирандық студенттерді қабылдауға ашықпыз», — деді Ерлан Сыдықов.
Өз кезегінде Саид Хатибзаде ЕҰУ мен Иран Сыртқы істер министрлігінің Саяси және халықаралық зерттеулер институты (IPIS) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды ұсынды. Бұл келісім студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуын қамтамасыз етіп, ғылыми-зерттеу және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
«IPIS — Ирандағы жетекші аналитикалық және академиялық орталық. Институт халықаралық қатынастар саласында магистрлік бағдарламалар мен кәсіби қайта даярлау курстарын жүргізеді. Сондай-ақ сыртқы саясат бағытындағы мәселелерді қалыптастырады», — деді Саид Хатибзаде.
Ректор Ерлан Сыдықов меморандумға қол қою бастамасын қолдап, оның мазмұнын әрі қарай жетілдіруге дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, Саид Хатибзаде сапары барысында саясаттану және халықаралық қатынастар докторы ЕҰУ студенттеріне дәріс оқып, Иранның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарды таныстырды. Сонымен қатар, жаһандық қауіпсіздік пен аймақтық ынтымақтастық мәселелеріне қатысты өз сараптамалық пікірін білдірді.
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Иран Ислам Республикасымен белсенді ынтымақтастық орнатуда. Қазіргі таңда университет Иранның үш жетекші жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойған.
2019 жылы ЕҰУ-дың экономикалық факультетінде Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Иран-Қазақстан экономикалық зерттеулер орталығы ашылды. Оның мақсаты бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға және екіжақты экономикалық байланысты тереңдетуге бағытталған.
2015 жылдан бері ЕҰУ факультеттерінде Иран университеттерінің 7 профессоры дәріс берді. Олардың арасында Алламе Табатабаи университеті мен Тарбиат Моалема университеті бар. Биылғы оқу жылында ақпараттық технологиялар факультетінде оқытушы Амирхосейн Мосави еңбек етеді.
2020 жылдан бастап ЕҰУ-да ғылыми консультант ретінде Алламе Табатабаи университетінің үш профессоры да қызмет атқаруда.
Көптеген жылдар бойы ЕҰУ-да 2001 жылы ашылған парсы тілі клубы «Ариана» табысты жұмыс істеп келеді. Студенттер парсы мәдениетімен танысып, тілін және дәстүрін меңгеруге мүмкіндік алады. Парсы тілі мен мәдениеті кабинеті Қазақстандағы Иран елшілігінің қолдауымен ашылған. Елшілік оқу орнына 1000-нан астам кітап сыйға тартып, толықтай қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен.
2024 жылдың ақпанында шығыстану кафедрасының профессоры Самал Төлеубаева және дінтану кафедрасының аға оқытушысы Балжан Калемшарив Иранның рухани астанасы Кум қаласындағы әл-Мустафа халықаралық университетінің қысқа мерзімді оқыту және зерттеу бағдарламалары институтында ғылыми тағылымдамадан өтті.
2023 жылы ЕҰУ-да «Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасының мәдени байланыстарын зерттеу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналды.
