
«Кітапханашыға сұрақ» ақпараттық апталығы өтті













2025 жылғы 6–16 қазан аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Кітапханашыға сұрақ» атты ақпараттық апталық ұйымдастырылды.
Апталық аясында кітапхана қызметкерлері күн сайын университеттің әртүрлі жатақханаларына барып, студенттермен кездесу өткізді. Бұл шараның басты мақсаты – студенттерге кітапхананың қызметтері мен мүмкіндіктерін таныстыру, оқу және ғылыми ізденіс барысында ақпаратты тиімді табу жолдарын үйрету болды.
Кездесулер барысында қатысушыларға электрондық каталогты пайдалану, деректер қорына тіркелу, ғылыми материалдарды іздеу тәсілдері және кітапхананың электрондық ресурстарымен жұмыс істеу жолдары түсіндірілді.
Сонымен қатар студенттерге «American Corner and Makerspace Astana» ақпараттық ресурстар орталығының жұмысы мен мүмкіндіктері жайында кеңінен мағлұмат берілді. Аталған орталықта техникалық және шығармашылық дағдыларды жетілдіруге арналған курстар, тренингтер мен семинарлар, сондай-ақ студенттердің жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған мастер-кластар ұйымдастырылатыны туралы айтылды.
Шара барысында кітапхана жанындағы түрлі клубтар мен ұйымдардың қызметі де таныстырылды. Әсіресе BookenClub мүшелері студенттермен еркін форматта пікірлесіп, клубтың мақсат-міндеттерін түсіндіріп, жастарды кітап оқуға, әдеби ортаға қосылуға шақырды.
Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кітапханашылардан пайдалы кеңестер алды.
Ғылыми кітапхана ұжымы оқу мен ізденіс жолында әр студентке бағыт-бағдар беруге және көмек көрсетуге әрқашан дайын!
