
«Жаһандану дәуіріндегі Еуразиялық кеңістік: тарихи тағылым және жаңаша пайымдаулар» атты ХХІ Халықаралық Еуразия ғылыми форумы өтті



2025 жылы 14-қазан күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жаһандану дәуіріндегі Еуразиялық кеңістік: тарихи тағылым және жаңаша пайымдаулар» атты ХХІ Халықаралық Еуразия ғылыми форумы өтті.
Форум жұмысына тарихшы - ғалымдар, ұйым басшылары, Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, және шетелдік мамандар, магистранттар, докторанттар қатысты.
XХІ Халықаралық Еуразия ғылыми форумы - Еуразия халықтарының тарихи жадын сақтау, Түркі әлемі әлемнің іргелі құндылықтарға ие ең белгілі өркениеттерінің бірі екендігін пайымдау және ғылымның цифрлануы мәселелерін талқылауға бағытталды.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы-Ректор, ҚР ҰҒА академигі Сыдықов Ерлан Бәтташұлы форумның ашылуындағы кіріспе сөзінде - бүгінгі конференцияның басты мақсаты – өткеннің тағылымын зерделей отырып, қазіргі жаһандық сын-тегеуріндер жағдайында Еуразиялық кеңістіктің даму болашағын жаңа ғылыми көзқарас тұрғысынан қарастыру, сонымен қатар, бұл бағыттағы зерттеулер ұлттық тарих ғылымының дамуына, мәдени-өркениеттік тұтастықты ұғынуға және өңірлік интеграцияның ғылыми негіздерін қалыптастыруға зор үлес қосатынынына тоқталды.

Аталмыш шарада ҚР Ұлттық Музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.д., профессор Аяған Бүркітбай Ғелманұлы, ҚР Ұлттық архивінің директоры Нұрланова Сағила Есімсейітқызы, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығы Архив жұмысы қызметінің басшысы Момынқұл Хамит Мұқтиярұлы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Ортағасырлық деректану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Сыздықов Сатай Мақсұтұлы, Alikhan Bokeikhan University Тарих және география кафедрасының профессоры м.а., тарих ғылымдарының докторы Адильбаева Айгуль Сериккановна, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Садықов Тілеген Садықұлы, тарих ғылымдарының докторы Алпысбес Махсат Алпысбесұлы және тағы басқа ғалымдар баяндама жасады.

Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстаннан онлайн жүйесінде қатысқан Исламова Зaхра Рустам кызы «XV–XVI ғасырларда Әзірбайжандағы вакуфтарды басқару», Сыздыкова Жибек Сапаргалиевна «Еуразия-Еуропа мен Азияны біріктіретін аумақ», Асанов Темиркул Ишекеевич «XVI-XVIII ғасырлардағы қырғыздардың мемлекеттік құрылымындағы билер институты», Васильев Айсен Данилович «XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ даласы мен Якутиядағы облыстық басқарудың ерекше формалары» тәрізді маңызды тақырыптарды қозғады. Форумға қатысушы зиялы қауым өкілдері өзекті мәселелерді кеңінен талқылай отырып, ғылыми форум - Еуразия кеңістігіндегі халықтар тарихын зерделеудің жаңа санаттағы «Ашық алаңын» қалыптастыруға сөзсіз ықпал ететінін атап көрсетті.
