
ЕҰУ студенттеріне медиация институтының қызметі таныстырылды
Түркі әлемі медиаторлары одағы басқармасының төрағасы Якуп Эрикель, Қырғызстан медиаторлары қауымдастығының бақылау кеңесінің мүшесі Авазбек Шамшиев және Түркі әлемі медиаторлар қауымдастығының вице-президенті, «Қазақстан медиаторлар қауымдастығы» ЗБТ төрағасы Жанділдә Жақыпов ЕҰУ заң факультетінің студенттерімен кездесті.
Іс-шараны ЕҰУ заң факультеті мен университет омбудсмені Неля Шапекова ұйымдастырды.
Кездесу барысында қонақтар студенттерге медиацияның маңызы, қызметі және оның артықшылықтары туралы айтты.
Якуп Эрикельдің айтуынша, сот шешімінің басты нәтижесі тараптарды татуластыру емес, кінәліні анықтау. Ал медиация керісінше, екі тараптың өзара келісімге келуіне және даудың түпкі себебін түсінуге мүмкіндік береді. Ол медиацияда шешімді судья емес, тараптардың өздері қабылдайтынын және процестің құпия өтетінін айтты. Спикер студенттерге медиаторлар клубын құрып, жаңа дағдыларын жетілдіруге кеңес берді.
Медиатор Авазбек Шамшиев медиатор болу үшін 25 жасқа толу, жоғары білім мен арнайы сертификатқа ие болу, сондай-ақ медиация бойынша қосымша білім алу қажет екенін түсіндірді.
Сонымен қатар ол Қырғызстандағы медиацияның қазіргі мәселелеріне тоқталды. Олардың қатарында мемлекет тарапынан қаржылық қолдаудың жоқтығы мен халық арасында медиацияның кеңінен танымал болмауы бар.
Кездесу соңында қонақтар студенттердің сұрақтарына жауап берді.
