
ЕҰУ-де студенттерге арналған жаңа коворкинг орталықтары ашылды




Еуразия ұлттық университетінде студенттерге арналған үш жаңа коворкинг орталығы ашылды. Бірінші орталық - №3 оқу ғимаратының екінші қабатында, екінші орталық – №5 оқу ғимаратының кітапханасында, ал үшінші орталық – сол ғимараттың екінші қабатында орналасқан. Коворкинг орталықтары жеке және топтық жұмыстар жүргізуге, сондай-ақ демалуға арналған. Заманауи және жайлы жиһазбен жабдықталған алаңдар студенттердің оқу, демалу және іс-шараларды ұйымдастыруына қолайлы.
«Университеттің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі – студенттер мен қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасау. Коворкинг орталықтары университеттің әлеуметтік-мәдени кеңістігінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосады. Жыл сайын біз мұндай алаңдардың санын көбейтіп, шығармашыл, креативті және белсенді студенттердің дамуына ықпал етеміз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», - деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Айта кету керек, қазіргі таңда университетте шамамен он коворкинг орталық жұмыс істеп тұр.
