
ЕҰУ мен ҚР БП ҚСжАЕК меморандумға қол қойды














Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл келісім Мемлекет басшысының болжамдық-талдамалық қызметін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі. Құжатқа университет ректоры Ерлан Сыдықов пен Бас прокуратура комитетінің төрағасы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сәбит Нұрлыбай қол қойды.
Меморандум қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау және қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін анықтау бойынша инновациялық шешімдерді дамыту мақсатында құқық қорғау органдары мен академиялық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруді көздейді.
Ағымдағы жылдың маусым айында өткен құқық қорғау органдарының алқа отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығының қызметіне ерекше көңіл бөлінді. Бұл орталық – құқық қорғау саласына ғылыми зерттеулер мен заманауи технологияларды енгізуге арналған алаң.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов меморандумның маңыздылығын атап өтті:
«Біздің негізгі мақсатымыз – Комитетпен ресми түрде ынтымақтастық орнатып, еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға үлес қосу. Бұл меморандум – мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарымен үйлесетін, ғылым мен құқық қорғау саласының өзара байланысын нығайтуға бағытталған маңызды құжат. Біз бұл серіктестікті ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастықтың бастауы деп санаймыз. Ең бастысы – еліміздің құқықтық мәдениеті мен қоғамдық қауіпсіздігін арттыру жолында нақты нәтижелерге қол жеткізу», — деді ректор.
Сәбит Нұрлыбай өз сөзінде:
«Комитет қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау міндеттерін орындай отырып, технологиялық құралдар мен зерттеу әдістерін бір мезгілде қолдану қажеттілігіне тап болуда. Олардың тиімділігі ғылыми негізге, олардың дамуы тереңдігі мен сапасына байланысты. Бұл жерде біз университеттің рөлін көреміз. Комитет қазірдің өзінде Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеті, Астана халықаралық университеті, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен және Әділет министрлігінің Заңнама институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен меморандумдарға қол қойды. Біз үшін университет ғылыми қызметкерлерінің Болжау орталығының прокурорларымен бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Ынтымақтастық Комитеттің үлкен деректерін академиялық ортаның әдістемелік сараптамасымен біріктіруге және құқық қорғау органдарының жұмысында қолданылатын үлгілерді жасауға мүмкіндік береді», – деді.
Қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, Комитет пен университет тәжірибелік қажеттіліктерге бағытталған қылмысты болжау бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастайды. Бұл келісім университетке ғылыми-зерттеу базасын кеңейтуге және жаңартуға, ал Комитетке ғылыми негізделген озық әзірлемелерді енгізуге мүмкіндік береді.
Президент Әкімшілігінің Басшысы мен Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологияны ілгерілетуді үйлестіру үшін құрылатын «Жобалық офистегі» жобалық басқаруды енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Ынтымақтастықтың стратегиялық нәтижесі — «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру үшін құқық қорғау және уәкілетті органдарының талдамалық жұмысында сұранысқа ие болатын қылмысты болжау үлгілері мен ерте алдын алу жүйелерін әзірлеуге қабілетті жаңа талдамалық мектеп құру.
