
Омбудсмендер мектебінің жаңа легі басталды









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Астана қаласы жоғары оқу орындарының студенттік омбудсмендеріне арналған «Омбудсмендер мектебі» өтті. Шараны ЕҰУ омбудсмені, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нэля Шапекова ұйымдастырды.
Бағдарлама барысында қатысушылар ЕҰУ-дің «Жазу тарихы» музейі мен ғылыми кітапханасына экскурсия жасап, одан кейін қонақ дәрістерін тыңдады.
Қонақтардың қатарында:
Якуп Эрикел — Түрік әлемі медиаторлар одағының президенті (2023 ж.), Түркия Республикасы Әділет министрлігінің медиация кеңесінің мүшесі (2015 ж.);
Шамшиев Авазбек - кәсіби медиатор, Қырғызстан медиаторлар қауымдастығының бақылау кеңесінің мүшесі, Ұлттық медиация орталығы Ош филиалының директоры;
Жакупов Жандильда Ажигалиевич - Түрік әлемі медиаторлар қауымдастығының вице-президенті, «Қазақстан медиаторлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры, халықаралық дәрежедегі медиатор-тренер болды.
Түркиялық қонақ Якуп Эрикел өз сөзінде Түркияда омбудсмен мектебі тәжірибесін міндетті түрде енгізілетінін айтып, қатысушылармен медиация саласындағы халықаралық тәжірибесін бөлісті. Ол медиацияның қоғамдағы келісім мен өзара түсіністікті нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды.
Келесі бөлімде өткен диалог алаңында тәжірибелі омбудсмендер — Аружан Бахитова, «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттік қозғалысының атқарушы директоры; Серік Қалдан, «Астана студенттер Альянсы» КҚ төрағасы, Астана қаласының студенттік омбудсмені - өз ойларымен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Шара барысында сондай-ақ ЕҰУ заң факультетінің ғылыми жұмыс жөніндегі декан орынбасары, PhD доктор Ерлан Дауренбеков пен ЕҰУ кәсіподақ ұйымының төрағасы Бәкіжан Сейдеш қатысып, студенттік өзін-өзі басқару мен құқықтық мәдениетті дамытудағы омбудсмен институтының маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, бейресми жағдайда пікір алмасу мақсатында кофе-брейкке жиналды.
Еске сала кетсек, ЕҰУ Омбудсмендер мектебі 2024 жылдың 20 қарашасында құрылған. Оның мақсаты – студенттік омбудсмендерді оқыту, олардың құқықтық мәдениетін арттыру және студенттердің құқықтарын қорғау институтын дамыту.
