
«Цифрлық трансформация жағдайындағы IT жобалардың стратегиялық маңызы» атты кездесу өтті





Халықаралық қатынастар факультетінде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараның тақырыбы – «Цифрлық трансформация жағдайындағы IT жобалардың стратегиялық маңызы».
Кездесудің мақсаты – заманауи цифрлық технологиялардың қоғам мен білім беру саласына әсерін талқылау, IT жобалардың стратегиялық рөлін айқындау және студенттердің осы бағыттағы кәсіби құзыреттілігін арттыру болды.
Кездесуді Халықаралық қатынастар факультеті Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті Гүлназ Төкенқызы жүргізіп, қонақтарды таныстырды. Алғысөзінде факультет деканының міндетін атқарушы Айсұлу Қорабекқызы Купаева қазіргі жаһандану дәуірінде жасанды интелектінің маңыздылығы жөнінде айтып өтті.
Шараға «Тіл-Қазына» орталығының бас директоры Мақпал Құрманжанқызы Жұмабай, Цифрлық трансформация орталығының басшысы Айгерим Тельжановна Серикжанова, Абай институтының жетекшісі Айнұр Төлеу, Әдістеме Lab бөлімінің ғылыми қызметкері Айерке Сағынғалиқызы Зинедина, сондай-ақ Терминология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Оразгүл Жәдігерқызы Махсуд қатысты.
Кездесу барысында қонақтар орталықтың ғылыми-инновациялық қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, KazLLM ұлттық тілдік моделі, Til-Qazyna жасанды интеллект көмекшісі, қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелік және IT жобалар, терминологиялық автоматтандырылған жүйе және Qazcorpora.kz тіл корпусы туралы толық ақпарат берілді.
Спикерлер қазақ тілін цифрлық ортада дамыту, жасанды интеллект технологияларын ендіру және тілдің технологиялық әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Абай институтының халықаралық жобалары, шетелдік аудиторияға қазақ тілін оқыту тәжірибесі мен цифрлық білім беру платформаларының маңыздылығы талқыланды.
Кездесу студенттер мен магистранттар үшін пайдалы тәжірибе алаңына айналды. Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, болашақтағы ынтымақтастық бағыттары туралы пікір алмасты.
