
Ғылыми кітапханада «Үздік кітапханашы – 2025» байқауы өтті

24 қазан – Кітапханашылар күніне орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында дәстүрлі «Үздік кітапханашы – 2025» байқауы өтті.
Шараның мақсаты – кітапханашы мамандығының мәртебесін арттыру және олардың шығармашылық бастамаларын қолдау. Байқауға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Қазылар алқасы құрамында «Кітап патшалығы» журналының редакторы Ғ. Бөкейқызы, профессор А. Ойнарұлы, ЕҰУ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Б. Болатбекұлы, омбудсмен Н. Лұқпанқызы және ардагер кітапханашы А. Мұхтарқызы болды.
Іс-шараны Ғылыми кітапхана директоры Б. Әсетілдаұлы ашып, кітапханашыларды кәсіби мерекемен құттықтады:
«Білімнің қайнар көзі – кітап болса, оны насихаттайтын рухани орта – кітапхана. Кітапханашы – сол асыл мұраны көзінің қарашығындай сақтап, оқырманды рухани әлемге жетелейтін тұлға», – деді ол.
«Өзі туралы бейнебаян», «Шығармашылық әлемім», «Менің жобам» және «Кәсіби бәйге» атты төрт кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар өздері жайлы жан-жақты ақпарат беріп, шығармашылық қабілеттерін танытты, кітапхана ісін дамытуға арналған жобаларын қорғады, кітапхана ісі бойынша сұрақтарға жауап берді.
Қазылар шешімімен «Оқырмандарға қызмет көрсету» бөлімінің бас маманы Айгүл Әлиқызы байқаудың бас жүлдесін жеңіп, «Үздік кітапханашы – 2025» атанды. Жеңімпазға 100 000 теңге, ал өзге қатысушыларға 50 000 теңгеден сыйақы табысталды.
