
ЕҰУ мен Нюрнберг техникалық университеті халықаралық SOLID жобасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды



Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Георг Симон Ом атындағы Нюрнберг техникалық университеті SOLID халықаралық жобасының (Social work and strengthening NGOs in development cooperation to treat drug addiction) екінші кезеңін іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл жаңа қадам ғылыми алмасуды дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және тәуелділікті емдеу саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Меморандумға қол қою рәсімі Германияның Нюрнберг қаласында өтіп жатқан SOLID Kick-off Meeting халықаралық зерттеу апталығы аясында жүзеге асты. Жоба DAAD және Германияның Федералдық экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігі (BMZ) қолдауымен Excellence Network бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда.
Құжат Германия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытай Халық Республикасының университеттері арасындағы әлеуметтік жұмыс пен қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті бекітеді. Жоба аясында ғалымдар бірлескен зерттеулер жүргізуді, академиялық бағдарламаларды дамытуды және халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдаудың инновациялық тәжірибелерін енгізуді жоспарлап отыр.
Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті атынан іс-шараға қаржы және инвестициялар жөніндегі проректор Н.Айдарғалиева бастаған делегация қатысуда.
Н.Айдарғалиева атап өткендей, меморандумға қол қою университеттің халықаралық интеграция мен ғылыми мектептерді дамыту жөніндегі стратегиялық бағытын көрсетеді. SOLID жобасына қатысу мамандар даярлау ісінде үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге және әлеуметтік жұмыс саласында халықаралық әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Делегация құрамында жобаның жетекшісі ЕҰУ атынан әлеуметтану кафедрасының доцент м.а. Д.Есимова қатысуда. Ол 2020–2024 жылдары іске асырылған SOLID жобасының бірінші кезеңінің нәтижелерін ұсынды.
Д.Есимова ЕҰУ-дің әлеуметтік жұмыс бойынша кәсіби стандарттарды дамытуға және Орталық Азия университеттерінің әлеуметтік сала мамандарын даярлаудағы рөлін нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
Жобаның алғашқы кезеңі бірқатар маңызды ғылыми жетістіктермен аяқталды, оның ішінде:
- Германия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытай зерттеушілерімен бірлесіп, Scopus және Web of Science халықаралық журналдарында мақалалар жариялау;
- пенитенциарлық жүйе бойынша әлеуметтік жұмыс тақырыбында ЕҰУ алғашқы докторанттарды даярлау және қорғату;
- халықаралық әлеуметтік жұмыс стандарттарына, адам құқықтарына және психоактивті заттарды қолданатын адамдарды оңалту мәселелеріне арналған оқу модульдері мен элективті курстарды әзірлеу;
- әлеуметтік саясат пен денсаулық сақтаудағы пәнаралық тәсілдерді ілгерілетуге бағытталған халықаралық конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатысу.
Д.Есимованың айтуынша, жобаның алғашқы кезеңінің нәтижелері келесі кезеңге өту үшін берік негіз қалады. Бұл кезең докторантура бағдарламаларын дамытуға, бірлескен зерттеу жарияланымдарын жүзеге асыруға және әлеуметтік жұмыстың еуропалық стандарттарын Қазақстанның білім беру тәжірибесіне енгізуге бағытталған.
ЕҰУ мен Нюрнберг техникалық университеті арасындағы ынтымақтастық ғылыми зерттеулерді, халықаралық тәжірибені және білім беру практикаларын біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл жоба БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етіп, Қазақстанның әлеуметтік жұмыс саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтады.
Тараптар алдағы жылдарда зерттеу желісін кеңейтуді, докторантура бағдарламаларын дамытуды және бірлескен ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін білім беру үдерісі мен әлеуметтік практикаға енгізуді жоспарлап отыр.
