
«Қола домбыра – 2025» республикалық оқушылар айтысы өз мәресіне жетті
2025 жылдың 31 қазан мен 1 қараша аралығында Астана төріндегі Еуразия ұлттық университетінде өткен жас таланттардың басын қосқан дәстүрлі «Қола домбыра -2025» республикалық оқушылар айтысы өз мәресіне жетті.
Бұл іс-шара Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «El Umiti» қоры» корпоративтік қоры және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен екінші жыл өткізіліп отыр. Еліміздің барлық өңірлерінен іріктеуден өткен 10-18 жас аралығындағы 22 дарынды оқушы екі күн бойы бақтарын сынап, сөз бен домбыраның құдіретін паш етті.
Айтыстың мақсаты - ұлттық өнерді дәріптеу, жас дарындарды қолдау және олардың сөз маржанын ұштау.
Айтыстың ашылу салтанатына және қорытынды кезеңіне ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің башылары қатысты.
Жоба жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.
Жас ақындар қазіргі қоғам үшін өзекті үш негізгі тақырып аясында сөз сайыстырды: «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар»; «Еңбек адамы – елдің тірегі»; «Цифрландыру мен білім: жаңа дәуірдің талабы».
Айтыскерлердің шеберлігіне айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын, «Еl umiti» қорының өкілі Азамат Оңайбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазылар алқасының төрағасы Ринат Зайытов төрелік жасап, шын жүйріктердің өнеріне әділ бағасын берді.
Сонымен, «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» тақырыбында өткен оқушылар арасындағы республикалық айтыста үшінші орынды Айғаным Мақсұтханова (Астана), Белес Өтепберген (Ақтөбе), Бақтияр Айша (Шымкент) иеленсе, екінші орын Ақнұр Зинуулла (Алматы облысы) мен Мейіржан Баршынбайға (Павлодар) бұйырды.Бірінші орынды қостанайлық Нұрислам Рағатов қанжығасына байлады. Бас жүлде – «Қола домбыра – 2025» жамбылдық Інжу Жаңабайдың еншісіне жазылды.
Бас жүлдеге – диплом, «Қола домбыра» арнайы домбырасы және ақшалай сыйақы табыс етілді, ал І, ІІ, ІІІ орын иелеріне – дипломдар мен мен ақшалай сыйақы берілді. Сондай-ақ, жас таланттарға арнайы атаулы жүлделер тағайындалды.
Айта кетейік, айтыстың іріктеу кезеңі 1-17 қазан аралығында «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» өңірлік филиалдары арқылы сәтті өтті. Өткен жылы бас жүлдені Шымкент қаласынан келген жас ақын-айтыскер Ислам Әли Біржанұлы жеңіп алған болатын.
