
Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту мәселелері халықаралық деңгейде талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Филология факультетінің Педагогикалық шеберлік мектебі мен Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен «Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тәжірибе, мәселелер және перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция 31-қазан күні өтті. Іс-шара Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі мен Ұлттық құндылықтар академиясы қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Конференция жұмысына барлығы 150-ден астам адам, олардың ішінде:
еліміздің әр аймағындағы мектеп, лицей және гимназиялардың жетекші мұғалімдері, орта кәсіптік және жоғары оқу орындарының ғалымдары мен білімалушылары қатысты. Сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Башқұртстан, Ресей және Қытай елдерінен келген шетелдік ғалымдар қатысып, баяндама жасады.
Конференция жұмысы үш секция бойынша өтті:
- Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқытудың ғылыми негіздері;
- Тіл мен әдебиетті құндылық бағдарлы оқытудың әдістемелік мәселелері;
- Озық тәжірибелер мен инновациялық тәсілдер.
Баяндамашылар құндылық бағдарлы оқытудағы жаңа әдіснамалық бағыттар мен тілдік, әдеби білім берудің қазіргі тенденцияларын талқылады. Филологиялық бағыттағы білім беру бағдарламаларының, тіл және әдебиет пәндерінің үлгілік оқу бағдарламалары мен оқу құралдарының жай-күйі, құндылық бағдары мәселелері көтерілді. Тіл және әдебиет пәндерін оқытудың аксиолингводидактикасы, пән мұғалімінің аксиологиялық ұстанымдары, ұстаз тұлғасының оқушының құндылық бағдарына әсері жайлы өзекті мәселелер сөз болды.
Конференция өзінің көздеген тіл мен әдебиетті оқытуда ұлттық және адамзаттық құндылықтарды сабақ мазмұнына кіріктіру, ұстаздар мен ғалымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау деген мақсатына жете алды. Іс-шара аясында қазақ тілін оқытудағы инновациялық әдістер, жасанды интеллектті қолдану, функционалдық сауаттылық пен аксиологиялық бағыттағы зерттеулер кеңінен қарастырылды.
Конференция соңында қатысушылар тіл мен әдебиетті құндылыққа негіздей оқытудың ғылыми және практикалық бағыттарын дамыту, ұлттық мәдени мұраны білім беру жүйесіне терең кіріктіру бойынша маңызды ұсыныстар қабылдады.
