
ЕҰУ студенттері Мәскеуде өткен Халықаралық орыс әдебиеті олимпиадасының жеңімпаздары атанды

ЕҰУ студенттері Мәскеуде өткен Халықаралық орыс әдебиеті олимпиадасының жеңімпаздары атанды
2025 жылғы 15–18 қазан аралығында Мәскеу қаласында орыс әдебиеті бойынша Халықаралық студенттік олимпиада өтті. Олимпиада Ресей Федерациясының Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінде (МПГУ) ұйымдастырылып, түрлі елдердің қатысушыларын дәстүрлі жас филологтар конференциясы — «ХХІ ғасырдағы филологиялық ғылым: жастар көзқарасы» аясында біріктірді.
Іс-шараның ұйымдастырушылары — Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Бұл олимпиада ширек ғасыр бойы сөзге, әдебиет пен мәдениетке асық жас педагогтерді біріктіріп келе жатқан атақты “Орыс сөз өнерінің шебері” халықаралық және бүкілресейлік студенттік фестивалінің дәстүрін жалғастырады.
Олимпиаданың ашылу рәсімінде филология ғылымдарының докторы, профессор, ЕҰУ орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі Қадиша Рүстемтембекқызы Нұрғали және кафедраның аға оқытушысы Ақерке Асан құттықтау сөз сөйледі.
Биыл ЕҰУ-ды «Орыс тілі мен әдебиеті» және «Орыс филологиясы» мамандықтарының студенттері абыроймен көрсете білді. Олар жарысқа онлайн және офлайн форматтарда қатысып, бірнеше бағыт бойынша бақ сынады: берілген тақырып бойынша әдеби мәтінге сүйеніп эссе жазу, көркем оқу және Мәскеудің әдеби мұражайларына экскурсиядан кейінгі әсерлерге негізделген “Бір шоқ гүл…” тақырыбындағы шығармашылық баяндама ұсыну.
Байқауға Ресей мен шетелдің жоғары оқу орындарынан келген 40-қа жуық студент қатысты. Бәсеке жоғары деңгейде өтіп, ЕҰУ өкілдері дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті.
Дильназ Умарова, 4-курс студенті — «Эссе байқауы» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі диплом иегері атанды.
Сергей Стригун, 2-курс студенті — көркем оқу байқауында ІІІ дәрежелі лауреат атанды.
Бұл жетістіктер — студенттердің халықаралық олимпиадаларға, конференциялар мен байқауларға қатысуын тұрақты түрде қолдайтын ЕҰУ орыс филологиясы кафедрасының жүйелі жұмысының нәтижесі. Кафедра студенттердің ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға, орыс сөз өнері дәстүрін ұқыппен сақтап, оны шабытпен жалғастыра алатын жас зерттеушілер мен ұстаздар қауымын қалыптастыруға бағытталған.
