
«Кәусардың» кезекті кешіне Анар мен Жанар келді
Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» ғылыми кітапханасында қазақтың қос талантты қызы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші Анар Мұздаханова мен «Құрмет» орденінің иегері, қобызшы Жанар Жүсіповамен «Сазды сұхбат» өтті. Кешке Еуразия ұлттық университетінің профессорлары, оқытушылары, сала қызметкерлері және студент-жастар қатысты.
«Сазды сұхбатты» «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай жүргізіп отырды. Ол қос дарынның өмір жолы мен өнер жолына тоқталып, осыдан жиырма жеті жыл бұрын екі өнерпаз да осы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында еңбек еткенін тілге тиек етті және олардың келешегі кемел екеніне сенім білдірді.
Кеш барысында әңгімеден гөрі өнерге көбірек орын тиді.Күйші Жанар Жүсіпова Қорқыттың «Ұшардың ұлуы», Ықыластың «Қоштасу» және өзінің «Аққу-қаздар», «Көкек», «Тұран» күйін орындаса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, күйші Анар Мұздаханова Құрманғазының «Ілме», Естайдың «Қош аман бол, Ақбикеш», әкесі, күйші Айтбай Мұздахановтың «Тархан дала» және алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған өзінің «Оян, қазақ» және «Тәуелсіздік» күйін шертті. Ал екеуінің қосылып тартқан «Адай» күйі залдағы көрермендерді бір желпіндіріп тастады. Бір сөзбен айтқанда, Анар мен Жанар көрерменге әдемі кеш сыйлап қана қойған жоқ, жоғары кәсібиліктің нағыз үлгісін де көрсетіп берді.
–Шынын айтсам, Міржақып атамызға арнап күй шығару ойымда бұрыннан жүрген. Бірақ көпке дейін әуен келмей, шабыт оянбай жүрді. Бір күні Қостанай облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы және кинобейнеқор орталығының басшысы Дамир Елтайұлы хабарласты. Әңгіме арасында: «Мен Міржақып Дулатұлына арналып шығарылған 3-4 күйді тыңдадым. Бірақ бір ой келді сіздің өз қолтаңбаңызбен, өз стиліңізбен Міржақыпқа арнап күй шығаруыңыз керек сияқты. Оны сізден күтемін. Бұл – менің сізге тапсырысым болсын» деді. Сол сәтте ішімде бір шоқ тұтанып кеткендей болды. Нанасыз ба, бәлкім, дәл сол сөзді күтіп жүрген шығармын. Келесі күні-ақ әуен құйылып, ойым мен қолым үйлесіп, бір күннің ішінде күй туды. Бұл күйге мен «Оян, қазақ» деген ат бердім. Себебі ол Міржақып Дулатұлының ұлтқа арнаған үндеуі, біздің бүгінгі буынға да жолдаған аманаты, - деді Анар Мұздаханова.
Кездесу соңында Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов, ЕҰУ ғылыми кітапханасының директоры Бақытжан Оразалиев бұл іс-шараның өзіндік мәні барын атап өтті. Сондай-ақ бұл концерт университет, оның ішінде студенттер үшін үлкен тағылым екенін, әсіресе Ақселеу Сейдімбек залында өтуінде үлкен мән барын жеткізді. Анар Мұздаханова мен Жанар Жүсіповаға керемет демалыс сыйлағандары үшін ұжым мен студенттер атынан алғыс білдіріп, университет атынан естелік-сыйлық табыс етті.
«Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Бұл екеуін бірінен-бірін бөліп қарастыруға болмайды. Шығыстың жұлдызды ғалымы, адамзаттың екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деген.Мұны айтып отырғаным, ЕҰУ-да студентер тәрбиеcі дұрыс жолға қойылған. Жастардың патриоттық сезімдерін, мәдени-эстетикалық деңгейлерін арттыруға арналған іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, тағылымы мол кештер, ел қадірлеген тұлғалармен жүздесулер үздіксіз өткізіліп тұрады. . Қадірлі тұлғаларды қонақ етуді дәстүрге айналдырған оқу ордасына бұл жолы қазақтың қос талантты қызы Анар Мұздаханава мен Жанар Жүсіпованы шақырды.Біздің студенттер үшін бұл шын мәнінде мәдени-рухани қуаттың бір дәлелі», - деді профессор.
Өз кезегінде сөз алған Анар Мұздаханова мен Жанар Жүсіпова арнайы шақырып, керемет кеш ұйымдастырғанына қолайлы жағдай жасаған Еуразия ұлттық университетінің ұжымына, «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігіне, жетекшісі Кенжеғали Мыржықбайға алғыс білдірді.
«ЕҰУ ұйымдастырған талай кештерді білемін. Біз Жанар екеуміз 1997 жылдан бері бірге келеміз, бүгін өзіміз еңбек еткен жерге қонақ болып келгенімізге қуаныштымыз. Бұл күй құдіретін сезіндірген концерт пен саз-сұхбат болашақ үшін, әсіресе жастар үшін өте қажет. Еуразия ұлттық университетінің руханиятқа баса мән беретіні, әсіресе ән мен күй, өнер және тұлғалар арқылы шәкірт тәрбиелеуі қатты ұнайды. Бүгінгі өнеріміз ЕҰУ-дың 30 жылдығына тартуымыз», - деді күйші Анар Мұздаханова.
Кенже Жұмағұлов, «Еуразия университеті» газетінің редакторы»:
–Ғажап! Мен мұндай концертті көптен бері көрмедім, тіпті ұлы даламыза саяхат жасағандай болдым. Анар Мұздаханова мен Жанар Жүсіпованы шақырып, бізге Ақселеу Сейдімбектің залында марқұм ағамыздың рухын және күй құдіретін сезіндіргендей болды. Жалпы, Кенжеғали Мыржықбай жетекшілік ететін «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігі университетімізде тиімді жұмыс істеп келеді. Кенжекеңе, Кенжеғали Мыржықбайға рахмет.
Базарбек Түкібаев, журналист:
-Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын.Анар мен Жанар жеке концертпен қазақ елін араласа да болады екен, Барлық бағдарламасы дайын, рахаттанып тамашаладық.Қос талантқа тәнті болып отырмын. Артық-кемі жоқ, бәрі тамаша. Халық композиторларымен қоса, өздері шығарған күйлерін насихаттауы ұнады. Құдай қаласа, осы Еуразия ұлттық университетіндегі концерттен соң екеуін үлкен сахнадан қайта көрсем деймін...
