
ЕҰУ қоғамдық қабылдау: цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманова студенттердің сұрақтарына жауап берді
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қоғамдық қабылдау бөлмесінде цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманова студенттермен онлайн форматта кездесу өткізді. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің негізгі міндеті – өзекті мәселелерді шешу және университет қызметін жетілдіруге қатысты студенттерден, оқытушылар мен қызметкерлерден кері байланыс алу.
Тікелей эфир барысында қатысушылар оқу үдерісін жақсартуға қатысты сұрақтар қойып, университеттің цифрлық даму бағытындағы жаңа бастамалармен танысты.
Гүлмира Бекманова өз сөзінде білім беру процесіне заманауи технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталды:
«Жасанды интеллект - еліміздің инновациялық дамуы мен цифрлық дербестігінің тірегі. Қазіргі таңда барлық жоғары оқу орындары жасанды интеллект жүйесін енгізіп жатыр, біз де бұл бағыттан қалыс емеспіз. Smart.enu платформасында және оқу үдерісінде бірнеше ЖИ-сервис қолданылады. Биыл аналитикалық жұмыстар жүргізу және AI аватар жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл жүйе мәтінге негізделген видео-лекцияларды автоматты түрде жасайды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға арналған Инклюзивті гид жобасы іске қосылмақ», - деді проректор.
Айта кетейік, Қоғамдық қабылдау бөлмесінде кездесулер әр айдың сәрсенбі күні тұрақты түрде өткізіледі.
