
ЕҰУ студенттері OCR және ICR технологияларын пайдалана отырып, руникалық жазбаларды тануға арналған инновациялық жобаны таныстырды









Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері өздерінің ғылыми-зерттеу жобасын – «Руна жазуын Optical мен Intelligent Character Recognition арқылы тану және талдау» –Сенат Төрағасы мен сенаторлар алдында таныстырды. Жобалар көрмесі «Цифрлық дәуір: ұлттық құндылық және бірегейлік» тақырыбындағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңы аясында өтті.
Жоба заманауи Optical Character Recognition (OCR) және Intelligent Character Recognition (ICR) технологияларын пайдалана отырып, көне түркі руникалық жазбаларын тану мен талдауға бағытталған. Зерттеудің негізгі мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын цифрлық өңдеу, сақтау және кеңінен насихаттау. Жоба авторлары - Аманжол Аскаров мен Дана Бақытқан, механика-математика факультетінің 3-курс студенттері, ғылыми жетекшісі – К. Аканова.
Жоба аясында Күлтегін ескерткішіндегі руникалық мәтіндерді заманауи транслитерация жүйесін қолдана отырып автоматтандырылған талдау мен аудару жоспарланып отыр. Бұл көне түркі жазба ескерткіштерінің қолжетімді цифрлық деректер базасын құруға және отандық ғылымның, цифрлық гуманитаристика мен тарихи тіл білімінің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Еуразия ұлттық университетінің цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова технология мен гуманитарлық білімді ұштастыратын студенттік бастамалардың маңыздылығын атап өтті:
«Біздің студенттердің жобасы - цифрлық шешімдердің мәдени мұраны сақтауға қалай қызмет ете алатынының жарқын мысалы. ЕҰУ цифрлық гуманитаристика мен білім беру процесіне инновацияларды енгізуге бағытталған зерттеулерді жүйелі түрде қолдайды».
ЕҰУ студенттерінің бастамасы дәстүрлі тарихи білім мен заманауи цифрлық технологиялардың синтезін көрсетіп, түркі әлемінің бірегей мәдени мұрасын зерттеу мен сақтауда жаңа мүмкіндіктер ашады.
