
Александру Иоан Куза университетіндегі Erasmus+ Staff Mobility for Teaching бағдарламасы аясындағы тағылымдама







2025 жылғы 1-9 қараша аралығында шет тілдер кафедрасының оқытушысы, халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі үйлестірушісі Динара Салиева Erasmus+ Staff Mobility for Teaching бағдарламасы аясында Александру Иоан Куза университетінде (Яссы қ., Румыния) тағылымдамадан өтті.
Іс-сапардың негізгі мақсаты – оқыту тәжірибесімен алмасу, кәсіби құзыреттерді жетілдіру, заманауи әдістемелер мен оқыту технологияларын меңгеру, сондай-ақ серіктес жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайту болды.
Академиялық мобильдік барысында Динара Салиева бакалавриат студенттеріне дәріс өткізді, сондай-ақ қабылдаушы университет ұйымдастырған дәрістер мен семинарларға қатысты. Бұл тағылымдама Динара Оңғарбайқызына Александру Иоан Куза университетінде қолданылатын әдістемелік тәсілдермен танысуға және ең үздік тәжірибелерді өзінің педагогикалық қызметіне енгізуге мүмкіндік берді.
Тағылымдама барысында ерекше назар шет тілін оқытуда жасанды интеллектті қолдану мәселелеріне, сондай-ақ инновациялық білім беру технологияларын пайдалану, оқу үдерісінің интерактивтілігін арттыру және студенттердің сыни ойлау қабілетін дамытуға аударылды. Қабылдаушы факультет профессорларымен сабақ нәтижелерін бірлесе талқылау педагогикалық тәсілдердегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтап, озық тәжірибелер мен пайдалы идеялармен алмасуға мүмкіндік берді.
Бағдарлама аяқталған соң қатысушыға Erasmus+ Staff Mobility for Teaching сертификаты табыс етіліп, тағылымдаманы сәтті өткендігі расталды.
Аталған академиялық мобильдік екі жоғары оқу орны арасындағы байланыстарды нығайтуға, кәсіби әріптестікті кеңейтуге және білім мен ғылым саласындағы әрі қарайғы ынтымақтастыққа негіз қалады.
