
ЕҰУ-да Түркіменстанның Тәуелсіздік күніне орай көрме ашылды
21 қыркүйек – Түркіменстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі. Осыған орай, Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында Түркіменстанның Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен көрме ашылды.
Көрменің ашылу салтанатына Түркіменстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма мүшесі – ғылым, коммерциаландыру және интернационаландыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева, белгілі ғалымдар, кітапхана қызметкерлері қатысты.
Көрменің негізгі мақсаты – Түркіменстан Республикасының Тәуелсіздігіне 32 жыл толуына орай айтулы күн, ұлық мерекеге құрмет көрсету, Қазақстанда білім алып жатқан жастардың Тәуелсіздік құндылықтарына көзқарасын қалыптастыру және суретшілер арасында тәжірибе алмасу.
Проректор Жанна Құрманғалиева Түркіменстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Түркіменстан елі Тәуелсіздік алған 32 жыл ішінде зор табыстарға, шынайы жеңістерге жеткенін, бұл ұлық мереке барлық түркіменстандықтар үшін баға жетпес байлық, зор мақтаныш екенін айтты және екі елдің халқына бірлік пен тыныштық тіледі.
«Қазір біздің университетте Түркіменстаннан келген 200 студент білім алып жатыр. Олар барлық факультетте бар, әсіресе филология, жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық технологиялар факультетінде басым. Ертең сол жастар Еуразия ұлттық университетін бітірген соң туған еліне барып қызмет ететін болады. Абыройлары артып, еліне адал қызмет етіп жатса, оған біздің де қосқан үлесіміз бар», - деді проректор.
Түркіменстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов өз құттықтауын Еуразия ұлттық университетінде білім алып жатқан түркімен жастарын ортаға алып тұрып айтты.
- «Баршаңызды еліміздің ең мерейлі, ең мәртебелі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл әрбір түркіменстандық үшін ерекше орны бар мереке. Себебі, осы тәуелсіздіктің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, еліміз іргесі берік, болашағы жарқын, өркениетті елдер деңгейіне жетті. Бүгінгі күні ЕҰУ қабырғасында оқып, білім алып жатқан Сіздер соның айқын дәлелі», - деді Елші.
Ашылу салтанатынан соң жиналған көпшілік көрмені тамашалады. Шара барысында дипломат Батыр Реджепов көрме ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқаны үшін ЕҰУ басшылығына алғыс білдірді.
Көрмеге бейнелеу өнерінің натюрморт, пейзаж, портрет сынды жанрларында салынған жұмыстар мен Түркіменстанның тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін ұлттық бұйымдар және тамырлас, бауырлас елдің көрікті жерлері бейнеленген түрлі-түсті бояудағы кітаптар қойылған. Көрмедегі өнер туындыларында авторлардың жүрек жылуы мен өнерге деген махаббаты, егемендік жылдарындағы Түркіменстанның жеткен жетістіктері кеңінен орын алған.
