
ЕҰУ-да академик Сейіт Қасқабасовтың 85 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
2025 жылдың 14 қарашасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 85 жылдығына арналған «Фольклортану мен әдебиеттану ғылымы: өзекті мәселелер мен жаңа парадигмалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі мен орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ ақын-жазушылар мен белгілі ғалымдар, Алматыдан арнайы келген перзенті Қорлан Сейітқызы қатысты.
Жиынды ғалым Серікзат Дүйсенғазы жүргізді. ЕҰУ ректоры міндетін атқарушы Ардақ Бейсенбай Сейіт Қасқабасовтың мемлекеттік, қоғамдық және ғылыми-педагогикалық қызметіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы айта келіп, университет басшысы Ерлан Сыдықовтың ыстық лебізін оқып берді.
Ардақ Бейсенбай ғалымның ЕҰУ-дағы «Еуразия» ғылыми орталығын және Шығыстану факультетін ұйымдастырудағы еңбегін, сондай-ақ «Бабалар сөзі» 100 томдығын жарыққа шығару ісіндегі жетекшілік рөлін ерекше атап өтті.
«Қайраткер ғалымның қызығы мен қиындығы мол ғылымдағы еңбек жолы – кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын сара жол. Алаштың бас қаласы Сарыарқа төсіне қоныс аударғанда, ұлт руханияты мен ғылымын, өнері мен мәдениетін дамытуға тер төкті. 1997-2001 жылдары Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразия» ғылыми орталығын, Шығыстану факультетін ұйымдастыруға тыңнан ұйытқы болды. Шығыстану факультетін, 2012-2019 жылдары Қазақ әдебиеті кафедрасын абыроймен басқарды»,- деді Ардақ Бақытұлы.
Одан кейін конференция қатысушыларына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтаулары жеткізілді. Сонымен бірге бірқатар облыс әкімдері, сенат депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми ұйым басшыларының құттықтау хаттары оқылды.
Конференция барысында ЕҰУ Ақпарат орталығы дайындаған мерейтойлық бейнефильм көрсетіліп, әдебиеттану мен фольклортану саласының танымал ғалымдары төмендегідей тақырыптарда баяндамалар жасады: «Сейіт Қасқабасов – фольклортану феномені»; «Халық мұрасын қастер тұтқан ғұлама»; «Академик Сейіт Қасқабасов және ежелгі Шығыс сюжеттерінің трансформациясы»; «Алаш қайраткерлері ел әдебиеті туралы»; «Академик Сейіт Қасқабасов: рухани-тілдік құндылық мәселелері»; «Балладалық жыр: зерттеу тәсілдері»; «Фольклор мен тарих арақатынасының кейбір мәселелері»; «Сейіт Қасқабасов зерттеуіндегі қазақ мифологиясы»; «Ұстаз жолы: ерік-жігер мен парасат бірлігі».
Пленарлық мәжілістен кейін секциялық отырыстар өтті. Оларды филология ғылымдарының докторлары мен профессорлары жетекшілік ететін үш секция жалғастырды: «Академик Сейіт Қасқабасов және қазіргі фольклортану міндеттері»; «Сейіт Қасқабасов мұрасы және мемлекетшілдік мұрат»; «Сейіт Қасқабасов зерттеулері және пәнаралық ықпалдастық».
Конференция аясында «Көрнекті әдебиеттанушылар» галереясындағы академик С.А. Қасқабасов портретінің таныстырылымы және ғалымның ғылыми еңбектерінің көрмесі, биобиблиографиясы мен ғылыми мектебі туралы кітаптың, сондай-ақ конференция материалдары жинағының таныстырылымы өтті.
Анықтама үшін:
Қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасовтың бүкіл саналы ғұмыры қазақ ғылымын дамытуға арналды.
1969 жылы «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» тақырыбында кандидаттық, 1989 жылы Мәскеуде «Қазақ халық прозасының жанрлары» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, ұлттық фольклористиканы жаңа ғылыми деңгейге көтерді.
Ол Қазақ ССР ҒА-да ғылыми хатшы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, КСРО ҒА Әлем әдебиеті институтында аға ғылыми қызметкер, ҚР Президенті Аппаратында жауапты қызметтер атқарды. ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институтын ұзақ жылдар бойы басқарды.
1990 жылдары Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарын ақтау ісіне тікелей атсалысты. Орталық Комитет жанындағы Саяси процестер социологиясы орталығын басқарып, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік етті.
1992 жылы Жоғары аттестациялық комиссия төрағасы ретінде елімізде алғаш рет ұлттық аттестациялық жүйенің қалыптасуына үлкен үлес қосты.
Ғалым «Алтын сандық», «Ел қазынасы – ескі сөз», «Қазақ ертегісі», «Қазақтың халық прозасы», «Абай және фольклор», «Алтын арқау», «Жаназық», «Қазақтың ғашықтық жырлары», «XV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті», «Елзерде» сияқты көптеген іргелі еңбектердің авторы болып, фольклортану мен әдебиеттану ғылымында жаңа бағыттардың қалыптасуына жол ашты.
Сонымен бірге ол «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жаңа басылымы, «Қазақ өнерінің тарихы» (3 том), «Ержүрек» (10 том), «Қазақ музыкасының антологиясы» (5 том), «Әдеби жәдігерлер» (20 том) сынды жобалардың жүзеге асуына бастамашы болды.
Сейіт Қасқабасовтың ғылымға сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ш.Уәлиханов, Жамбыл, Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері атанды.
