
ЕҰУ ғалымы Ұлыбританияның Бирмингем университетінде академиялық қазақ тілі корпусын әзірлеу ғылыми жұмысын таныстырды

«Цифрлық гуманитарлық ғылымдар: академиялық қазақ тілінің корпусын әзірлеу» ғылыми жобасы аясында қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, жоба жетекшісі Гүлнәр Сәрсеке Ұлыбританияның Бирмингем университетінде жобаның негізгі бағыттарын таныстырды.
Іссапар барысында профессор Г. Сәрсеке Бирмингем университетінің Корпус зерттеу орталығының директоры, қолданбалы корпус лингвистикасы саласының білікті маманы, ғылым докторы Пол Томпсонмен ғылыми кездесу өткізді.
Кездесу аясында тараптар академиялық сөздердің тізімін жасау, қазақ тіліндегі пәндік кілт сөздерді айқындау, сондай-ақ академиялық сөздік құрастыру мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты. Доктор Пол Томпсон профессор Г.Сәрсекенің жоба аясында әзірленіп жатқан «Академиялық кілт сөздер тізімдері: Академиялық жазбаша қазақ тілінің корпусы» еңбегіне қатысты құнды ғылыми кеңестер мен әдістемелік ұсыныстар берді.
Айта кету керек, доктор Пол Томпсон – корпус лингвистикасы саласындағы әйгілі ғалым, 2009 жылдан бері Бирмингем университетіндегі аталған орталықтың директоры қызметін атқарып келеді. Ол – Applied Corpus Linguistics халықаралық беделді ғылыми журналдың бас редакторы, сондай-ақ арнайы дискурстар мен қолданбалы корпус зерттеулері бойынша жетекші сарапшы. Ғалымның талқылауымен және ұсыныстарымен корпус лингвистикасы саласында көптеген еңбектер ағылшын тілінен басқа тілдерде де жарық көрген.
Аталған кездесу қазақ тіл білімінде академиялық бағыттағы корпус құрастыру ісіне халықаралық ынтымақтастық тұрғысынан серпін беретін маңызды қадамдардың бірі болды.
