
ЕҰУ-дағы Лу Бань шеберханасы акредиттеуден өтті
Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасын акредиттеу бойынша комиссия отырысы өтті. Онлайн форматта өткен комиссия отырысына Еуразия ұлттық университетінің цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова бастаған сала мамандары мен қытайдың білім-ғылым министрлігінің өкілдері, Тяньцзинь кәсіптік институтының басшылары және мамандары қатысты.
Лу Бань шеберханасы бұл еліміздің инновациялық-технологиясына жұмыс жасайтын жоба. Нақтырақ айтсақ. қазақстандық және қытайлық кәсіпорындардың ынтымақтастығына, кәсіптік білім беруде тәжірибе алмасуға, техникалық таланттарды дамытуға, қазақстандық жастардың жұмысқа орналасу және мансаптық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін инновациялық білім беру алаңы. 572 шаршы метр алаңды алып жатқан шеберхана қызметінде жасанды интеллект технологиялары да қолданылатын болады. Ол Еуразия ұлттық университеті мен Тяньцзинь кәсіптік институты арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады. Аталған университет базасында студенттер тәжірибе жинақтайды.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ биыл жазда 15 оқытушысын Қытайдың Тяньцзинь қаласына Лу Бань шеберханалары бойынша арнайы даярлықтан өткізуге жіберді. Олар бір айлық интенсивті курстан өтіп, заманауи инженерлік дайындық бағытында құнды тәжірибе жинақтап қайтты. Ендігі жерде білімін жетілдірген оқытушылар төрт білім беру бағдарламаларының келесі бағыттары бойынша: студенттерге компьютерлік көру, өнеркәсіптік роботтарды басқару, үлкен деректер үлгілері және ауылшаруашылық ұшқышсыз ұшу аппараттарының ауқымды қолданбалары сияқты озық технологиялық курс модульдері бойынша білім беретін болады.
Университет басшылығының айтуынша, келесі кезеңде Қытай тарапынан профессорлар мен жоғары деңгейлі мамандар ЕҰУ-ға шақырылып, университетіміздің оқытушылары үшін кең ауқымды оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады. Бұл – Лу Бань шеберханаларының халықаралық аккредитация талаптарына сәйкес келуді қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Проректор Гүлмира Бекманованың айтуынша, Лу Бань шеберханасының аккредитациясы – университет үшін стратегиялық маңызы зор бағыт, себебі бұл бастама ЕҰУ-дың әлемдік трендтерге бейімделуіне, инженерлік білім беру сапасын арттыруға және ғылыми мақалалар жазу мен халықаралық коллаборацияларды дамытуға елеулі серпін береді.
«ЕҰУ-дағы Лу Бань шеберханасы университеттің халықаралық беделін күшейтіп, оқытушыларымыздың кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтеретініне сенімдімін. Ал бүгінгі акредитация жайына келсек, ол халықаралық талаптардың бірі», – деді проректор.
Жиын соңында акредиттеу жөніндегі комиссия ЕҰУ-дағы Лу Бань шеберханасына бір ауыздан жоғары баға берді.
