
ЕҰУ-де «B052 – Жер туралы ғылым» білім беру бағдарламалар тобы бойынша студенттердің республикалық пәндік олимпиадасы өтті





2025 жылғы 18–19 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Физикалық және экономикалық география кафедрасы «B052 – Жер туралы ғылым» білім беру бағдарламалар тобы бойынша студенттердің республикалық пәндік олимпиадасын өткізді. Биылғы білім сайысына елдің түрлі өңірлеріндегі жоғары оқу орындарынан келген 10 команда қатысты.
Қатысушылар «Таныстыру», «Тестілеу және практикалық тапсырмалар» және «Ғылыми жоба» кезеңдерінде бақ сынады. Жарыс барысында студенттер география ғылымы бойынша білім деңгейін, талдау және зерттеу дағдыларын жан-жақты көрсетті.
Олимпиада қорытындысы бойынша 1-орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті иеленді. 2-орынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті бөлісті. 3-орынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және Торайғыров университеті табан тіреді. Қалған командалар арнайы номинациялармен марапатталды.
ЕҰУ командасы жоғары дайындық көрсетіп, жүлделі 2-орынға ие болды. Команда құрамында жетекші Мусабаева Меруерт Насурлаевна және студенттер Толқынқызы Т., Тілеухан Д.Ғ., Айкенов А.Н. болды. Кафедра жетекшіге студенттерді кәсіби деңгейде дайындағаны, ал қатысушыларға университет атын абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдіреді.
Олимпиаданы ұйымдастыруға және оның сапалы өтуіне университеттің омбудсмені Шапекова Нэля Лукпановна қолдау көрсетті.
Олимпиада жас географтардың кәсіби дамуына, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және ғылыми әлеуетті арттыруға ықпал еткен маңызды алаңға айналды.
