
Жасанды интеллект дәуіріндегі сот сараптамасының болашағы ЕҰУ-да талқыланды
Жасанды интеллект дәуіріндегі сот сараптамасының болашағы ЕҰУ-да өткен халықаралық форумда талқыланды. Іс-шара Қазақстан Республикасындағы сот сараптамасының құрылғанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Форумның ұйымдастырушылары – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың заң факультетінің Қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасы және Тәуелсіз сот сарапшылары альянсы.
Платформа ғылыми қауым өкілдері мен мемлекеттік органдарды, адвокаттар алқасын, заңгерлер палатасын, сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Грузия, Тәжікстан, Моңғолия және басқа елдердің жетекші сот сарапшыларын біріктірді.
«Біз технологиялық прогресті түсіну жылдамдығымыздан озып тұрған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект – енді жай ғана құрал емес, кеше тек адамға тән көрінген үдерістердің толыққанды қатысушысына айналып келеді. Осындай жағдайда сот сараптамасы жаңа мәнге ие болады. Ол сенімнің, объективтіліктің, ашықтықтың кепіліне айналады. ЕҰУ-да біз әрқашан ғалымдар, практиктер және жаңашылдар тоғысатын алаң құруға ұмтыламыз. Бүгінгі форум – соның жарқын дәлелі», - деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов.
ЕҰУ заң факультетінің деканы, ҚР прокуратура органдарының құрметті қызметкері Бауыржан Сматлаев жасанды интеллектінің дамуы еліміздің сот сараптамасы жүйесіне түбегейлі жаңалықтар енгізіп жатқанын айтты.
«Деректерді автоматты талдау, цифрлық іздермен жұмыс істеу алгоритмдерін бағалау тәсілдері дәлелдемелерді зерттеу сапасын арттырып, сараптама үдерісін жеделдетеді. Жаңа технологиялар жаңа талаптар қояды. Алгоритмдердің ашықтығы, нәтижелердің объективтілігі, цифрлық фальсификациялар, дипфейк тәуекелдері, деректер қауіпсіздігі – барлығы құқық қорғау жүйесінің, сот сараптамасы саласының және ғылыми қауымдастықтың бірлескен назарын талап етеді. ЕҰУ заң факультеті цифрлық құқық пен сот сараптамасының түйісу нүктесіндегі ғылыми зерттеулерді дамытуға, жаңа буын сарапшыларын даярлауға және кәсіби қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөледі», - деді спикер.
ҚР ІІМ Оперативтік-криминалистикалық департаментінің басшысы, полиция полковнигі Сергей Стихеев бүгінгі күні сот сараптамасы түбегейлі өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтты.
«Цифрландыру, үлкен деректердің дамуы, жасанды интеллектінің жаппай енгізілуі қылмыстың сипатын да, оны ашу тәсілдерін де түрлендіріп жатыр. Жасанды интеллект технологиялары қазірдің өзінде түрлі сараптамалар мен зерттеулерде қолданылуда. Ол үлкен көлемдегі цифрлық деректерді талдауға, күрделі құрылымдарды тануға, ақпаратты өңдеуді жеделдетуге, сараптамалық қорытындылардың дәлдігін жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі», - деді полиция полковнигі.
Форум тақырыбының өзектілігі туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің ЖОО мазмұны басқармасының басшысы Рыcгүл Құдіретуллаева өз құттықтауында атап өтті.
Форум барысында сот сараптамасының цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі перспективалары, сараптама тәжірибесінде ЖИ қолданудың этикалық және құқықтық қырлары, сараптамалық қорытындылардың әдіснамалық тәсілдері мен стандарттарын жетілдіру, зерттеулердің сапасы, дәлдігі және объективтілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Сарапшылар өз баяндамаларын сот экспертологиясының трансформациясына, криминалистикадағы ЖИ қолдануға, биометриялық технологияларға, дипфейктерді анықтауға және аудио-видео дәлелдемелердің сенімділігін қамтамасыз ететін жаңа цифрлық құралдарға арнады.
Сондай-ақ форум аясында «Ask the Expert» кеңес беру аймақтары мен көрмелер ұйымдастырылды.
Іс-шара соңында сараптамалық және ғылыми ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
