
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Адам мен технологияның тоғысуы Digital Humanities» атты күзгі мектебін өткізді

2025 жылғы 5–6 қарашада Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардағы заманауи цифрлық құралдарға арналған күзгі мектеп өтті. Іс-шараға студенттер, жас зерттеушілер, оқытушылар мен индустрия өкілдері қатысты. Мектепті Kazakhstan Sociology Lab қолдауымен Сапаны бағалау департаментінің Аналитикалық және әлеуметтанулық зерттеулер зертханасы және әлеуметтану кафедрасы бірлесе отырып ұйымдастырды.
Бағдарламада Қазақстан мен Ресейдің жетекші сарапшыларының оннан астам дәрістері мен практикалық воркшоптары қамтылды.
Бірінші күні қатысушылар цифрлық технологиялардың әлеуметтік ғылымдарға әсерін талқылады: computational social science бағытының қарқынды өсу себептерінен бастап қазіргі нейрожелілердің жұмыс қағидаттарына және мемлекеттік-цифрлық саясаттарды талдау әдістеріне дейін.
Екінші күні үлкен тілдік модельдерге, желілік талдауға және медиакоммуникацияның жаңа тәсілдеріне назар аударылды. Спикерлер қоғамдық зерттеулерде LLM-ді қалай қолдану керектігін көрсетті, фактчекингтің негізгі әдістерін талдады және қатысушыларды желілік талдау құралдарымен таныстырды.
