
ОЯН, ҚАЗАҚ!!! Міржақып Дулатұлы (1885-1935)











2025 жылдың 21 қараша күні Ғылыми кітапханада Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған «Оян, қазақ!» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Іс-шараға тарих факультетінің ғылым жөнінде декан орынбасары, т.ғ.к., доцент - Мұхамеджанова Нұргүл Ахметжанқызы, «Тағылым» ғылыми-зерттеу үйірмесінің төрайымы Жунусбекова Зере, клубтар қауымдастығының төрағасы Қойлан Әлібек, ғылым және коммерцияландыру жөніндегі спикер Мырзабай Мади, «Тағылым» клубының мүшелері, сондай-ақ кітапхана қызметкерлері қатысты.
Кешті журналистика факультетінің студенті Мұхтар Әліби өзінің «М. Дулатұлына» атты жүрекжарды өлеңімен ашып, шараның рухына ерекше сән берді.
Әдеби кеш барысында Міржақып Дулатұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасына қатысты тың деректер ұсынылып, қатысушылар назарына осы тақырыпта «Әдеби Kahoot» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Белсенді оқырмандар арнайы сыйлықтармен марапатталып, кеш соңында тақырып төңірегінде мазмұнды пікірталас өрбіді.
Жиналған қауымға директордың кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Жанар Бекайдарқызы алғысын білдіріп, Алаш арыстарының ел болашағы үшін атқарған еңбегі жөнінде мағлұмат беріп, студенттерге шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар кітапхана қорындағы Міржақып Дулатұлына арналған кітап көрмесі таныстырылып, тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді.
Кештің негізгі мақсаты – оқырмандарға қазақ халқының ұлы тұлғасы, ағартушы, ақын-жазушы Міржақып Дулатұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның ұлттық мәдениет пен әдебиетке қосқан өлшеусіз үлесін қадірлеу.
