
«ENU WELCOME DAY 2025»: ЕҰУ командасы толықты













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңадан жұмысқа қабылданған қызметкерлерге арналған жыл сайынғы «ENU WELCOME DAY» дәстүрлі кездесуі өтті. Биыл ЕҰУ командасы 130-дан астам жаңа қызметкермен толықты. Олардың қатарында профессорлар, ғылым кандидаттары, PhD докторлар, әлемнің жетекші университеттерінің түлектері және «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары бар. Жаңа мамандар арасында ЕҰУ түлектерімен қатар Кембридж және Эдинбург университеттері (Ұлыбритания), Boston University (АҚШ), York University (Канада), Politecnico di Milano (Италия) және басқа да беделді жоғары оқу орындарының түлектері бар.
Іс-шара барысында академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай құттықтау сөз сөйлеп, ЕҰУ еліміздің жетекші білім ордасы ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялар мен бастамаларға ашық кәсіби коммуникация алаңы екенін ерекше атап өтті:
«Жоғары білікті мамандардың келуі университеттің жарияланымдық белсенділігін арттыруға және ауқымды ғылыми жобаларды жүзеге асыруға серпін берері анық. Біз үшін әр жаңа қызметкердің ұжымға сәтті бейімделіп, өз қабілетін толық көрсетуі маңызды. Себебі университеттің дамуы – ең алдымен онда еңбек ететін адамдардың ынтасы мен кәсібилігіне байланысты», – деді проректор.
Кездесу барысында HR-сектор университеттің құрылымын, сондай-ақ корпоративтік мәдениет кодексі мен еңбек тәртібінің ережелері сияқты негізгі нормативтік құжаттармен таныстырды. Бұл ақпарат жаңа қызметкерлерге университеттің миссиясын терең түсінуге және өз рөлін айқындауға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның бейресми бөлігінде интеллектуалды ойындар мен түрлі конкурстар ұйымдастырылып, еркін қарым-қатынас пен тиімді нетворкинг жасалды. Шара соңында қатысушыларға арнайы welcome-box табысталып, олар дәстүрлі «еуразиялықтар қатарына қосылу» рәсімінен өтіп, ресми түрде #ENUTEAM құрамына қабылданды.
Аталған іс-шараны ЕҰУ әкімшілік департаменті университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен ұйымдастырды.
