
«Оян, қазақ!»: Ғылыми кітапханадағы Міржақып Дулатұлына арналған еске алу кеші







Ғылыми кітапханада Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ақын, жазушы және ұлт жанашыры Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған «Оян, қазақ!» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Іс-шараға тарих факультетінің ғылым жөнінде декан орынбасары, т.ғ.к., доцент - Нұргүл Мұхамеджанова, «Тағылым» ғылыми-зерттеу үйірмесінің төрайымы Зере Жунусбекова, клубтар қауымдастығының төрағасы Әлібек Қойлан, ғылым және коммерцияландыру жөніндегі спикер Мади Мырзабай, «Тағылым» клубының мүшелері, сондай-ақ кітапхана қызметкерлері қатысты.
Кешті журналистика факультетінің студенті Мұхтар Әліби өзінің «М. Дулатұлына» атты жүрекжарды өлеңімен ашып, шараның рухына ерекше сән берді.
Әдеби кеш барысында Міржақып Дулатұлының өмір жолы мен шығармашылық мұрасына қатысты тың деректер ұсынылып, қатысушылар назарына осы тақырыпта «Әдеби Kahoot» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Белсенді оқырмандар арнайы сыйлықтармен марапатталып, кеш соңында тақырып төңірегінде мазмұнды пікірталас өрбіді.
Жиналған қауымға директордың кітапхана ісі жөніндегі орынбасары Жанар Бекайдарқызы алғысын білдіріп, Алаш арыстарының ел болашағы үшін атқарған еңбегі жөнінде мағлұмат беріп, студенттерге шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар кітапхана қорындағы Міржақып Дулатұлына арналған кітап көрмесі таныстырылып, тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді.
Кештің негізгі мақсаты – оқырмандарға қазақ халқының ұлы тұлғасы, ағартушы, ақын-жазушы Міржақып Дулатұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның ұлттық мәдениет пен әдебиетке қосқан өлшеусіз үлесін қадірлеу.
