
ЕҰУ-да Сот сараптамасы институтының бас эксперті Толқын Шагдаровамен кездесу өтті











Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы» РМҚК филиалы - Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институтының бас эксперті Толқын Шагдаровамен кездесу өтті. Іс-шараны карьера және бизнес–әріптестік бөлімі ұйымдастырды.
Кездесудің басты мақсаты - Сот сараптамасы орталығының қызметімен таныстыру, студенттерге практикалық тағылымдамадан өту талаптары мен кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат беру болды.
Бас сарапшы кездесу барысында заң және филология факультеттерінің 4 курс студенттері мен 2 курс магистранттарына институттың негізгі міндеттері мен оның даму перспективалары туралы кеңінен баяндады.
Толқын Шагдарованың айтуынша, жыл сайын тек Астана қаласының өзінде 15 мыңға жуық сот сараптамасы жүргізіледі. Институт жанында есірткі, психотроптық заттар және прекурсорлар мәселелері жөніндегі мамандандырылған бөлім жұмыс істейді, сондай-ақ көлік құралдарын зерттеуге арналған жағдайлар жасалған. Институтта сараптамалардың көптеген түрлері қамтылған.
«Институтта сот-медициналық куәландыру, сот-гистологиялық зертхана, химия-токсикологиялық зертхана, күрделі сараптамалар бөлімі, молекулалық-генетикалық зерттеулер зертханасы, сот-биологиялық зертхана, сот-сараптамалық психологиялық-филологиялық зерттеу, сот-сараптамалық дінтану және басқа да орталықтар бар. Осы бөлімдердің ішінде бізде психологиялық-филологиялық, психологиялық-криминалистикалық зерттеу бағыттары бойынша мамандар тапшы. Сондықтан болашақта тәжірибеден өтуге шақырамын», - деді Толқын Шагдарова.
Кездесу соңында білім алушылар сот сараптамасына қатысты өз сауалдарын қойып, толыққанды жауаптар алды. Заң факультеті деканының орынбасары Бақдәулет Төрегелдиев студенттер алдында мазмұнды дәріс оқыған Сот сараптамалары институтының бас эксперті Толқын Шагдароваға алғысын білдірді.
